Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің цифрлық рейтингі енгізілді

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің цифрлық рейтингі енгізілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жыл қорытындысы бойынша алқа отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр қызметін автоматтандыруды қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындау аясында Бірыңғай кадр жүйесіне 8 мемлекеттік органның 19 ведомстволық ұйымы енгізілгенін атап өтті.

«Биылғы 1 қаңтардан бастап аталған жүйеге 37 мемлекеттік органның 2 400-ге жуық ведомствоға қарасты ұйымдарын қосу бойынша жұмыс жүргізілуде, онда 500 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Бірыңғай кадр жүйесіне қосылуы тиіс 663 ұйыммен алғашқы отырыстар және оқытудың бірінші кезеңі өткізіліп, жүйені кеңінен таратудың екінші кезеңін жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда», - деді Д.Жазықбай.

Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді цифрландыру аясында eQyzmet жүйесінде цифрлық рейтинг модулі іске қосылғанын айтты. Модуль электрондық жеке істердің деректері негізінде саяси және «А» корпусы лауазымдарына жоғары біліктілігі мен тәжірибесі бар әлеуетті үміткерлердің тізбесін жасауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда орталық мемлекеттік органдарға қарасты ұйым басшыларының жеке істерін eQyzmet жүйесінде қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл басқарушылық лауазымдарға мемлекеттік қызметшілермен қатар өзге де квазимемлекеттік және жеке сектордың кәсіби мамандарын тартуды көздейді.

Қолданыстағы заңнамамен бекітілген шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету үшін Агенттікпен аталған модульдің негізінде қажетті аналитикалық және ақпараттық деректер жинақталады.

Жалпы өткен жылы eQyzmet ақпараттық жүйесінің функционалы едәуір кеңейтіліп, оның мобильді қосымшасы іске қосылды. Қажетті жүйелермен интеграциялар жүргізілді және әртүрлі базалардан ақпарат алу бойынша қызметтер пысықталды. Сондай-ақ QazTech мемлекеттік платформасының цифрлық шешімдерін қолдану арқылы Бірыңғай кадр жүйесінің жаңа архитектурасын құру жоспарлануда. Ол одан әрі микросервистік архитектураны пайдалана отырып, eQyzmet жүйесімен біріктіріледі.

Мемлекеттік қызметке енгізілген онлайн іріктеу жүйесі жоғары тиімділікті көрсетіп отыр. Автоматтандырылған eQyzmet іріктеу жүйесі 68 мемлекеттік органда сәтті қосылып, осы жылы қалған 26 мемлекеттік органға енгізу аяқталады. Бір бос орынға жарияланған конкурсқа үміткерлер дәстүрлі іріктеумен салыстырғанда бір жарым есеге артып, конкурстардың ашықтығы мен әділдігі қамтамасыз етілді.

Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке іріктеу кезеңдеріне Қазақстанда әзірленген KazLLM базасында жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану жоспарлануда.