Ауыл баласының өмірі жайлы кітап оқырманға жол тартты

Ауыл баласының өмірі жайлы кітап оқырманға жол тартты
Фото: Василий Крась

Бүгін елордада журналист-публицист Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық академиялық кітапханада өткен іс-шараға оқырмандар мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Бұл – қаламгердің алғашқы әдеби-көркем шығармасы. Жинаққа «Түлкілітаудың аспаны» атты повесі мен әңгімелері енген. 

«Бұл кітап адамға алдымен рухани азық береді. Қазіргі кезде балалар әдебиеті кенжелеп қалды. Соларға арналған шығармалар жоқтың қасы. Ал кітап дүкендерінде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» шығармалары ғана тұрады. Ал заманауи шығармалар жоқтың қасы», - деді кітап авторы. 

Шығармаға қазіргі кездегі ауыл баласының өмірі, арман-тілегі, мақсат-мұраты арқау болған. 

«Менің туған жерім – Қарағанды облысының Нұра өзені басталатын жер. Сол жерде Түлкілі атты тау бар. Соның баурайында ер жеттік. Балалық шағым соның айналасында өтті. Болашақта кітап шығарсам, сол таудың атауын қоямын деп шешім қабылдадым», - дейді публицист. 

Автор әңгімелерінде Отанды сүю, табиғатты қорғау, махаббатқа адалдық тақырыптарын көркем тілмен жеткізген. Ал «Ақ көгершін» әңгімесінде адам жанының құпиясы, албырт шақтағы адамның бойында кездесетін қателіктер сөз етіледі. 

«Бұл Төленнің әдебиетке, прозаға жасаған қадамының бастамасы деуге болады. Ол бұл кітабын бір күнде жазып тастаған жоқ. Жас кезінен қиялында жүрген әңгімесі, көңіл күйін топтастырып, қайтадан ширатып, есейген шағында басқаша жазып, оқырманға бағыттап ұсынып отыр. «Түлкілітаудың аспанын» оқып отырып, өзімнің ауылым, балалық шағым көз алдыма елестеді. Мұнда достық, махаббат тақырыптары оқырман қызығып оқитындай тілмен ұсынылған», - деді журналист Ғалым Қожабек.