Жеке ателье ашып, авторлық киімдерімді шығарсам деген мақсатым бар - JOLTAP жобасына қатысушы

Елордада табыс тауып, кәсіп бастағысы келетін астаналықтар үшін JOLTAP жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында азаматтар сұранысқа ие кәсіптер бойынша тегін курстарда оқып, біліктіліктерін арттырып келеді. Солардың бірі - Астана қаласы тұрғыны Сандуғаш Ильяс, деп хабарлады Elordainfo.kz.
JOLTAP жобасы аясында «Сәнгер- құрастырушы» курсын оқыған ол өлшем алуды, үлгі құруды және түрлі киімдерді модельдеуді үйренді.
«Мен бұрыннан тігіншілікке оқып, ательеде істейтінмін. Алайда тұрмысқа шығып, бала күтімімен бірнеше жыл үйде болғандықтан, кесіп-пішудің қыр-сырын ұмытып қалғандай болып, мамандығыма бірден орала алмадым. JOLTAP жобасына келген себебім де сол – білгенімді қайта пысықтап, білмегенімді үйрену. Сөйтіп, 12 күн бойы «Сәнгер- құрастырушы» курсын тегін оқып шықтым. Сабақта тәжірибеге басымдық беріліп, белдемше, шалбар, көйлекке дейін кесіп-пішуді үйрендік», - дейді Сандуғаш Сейдоллақызы.
Курстан кейін Сандуғаш техникалық жағынан әлдеқайда сенімді бола түсті. Нәтижесінде құрбысы екеуі бірлесіп ателье ашты.
«Қазір құрбым екеуміз бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта жеке ательемді ашып, жұмысқа мамандарды алып, авторлық киімдерімді шығарсам деген мақсатым бар. Өзім қызығушылықпен айналысатын кәсібім болғандықтан, бастаған ісіміз табыс әкеледі деген сенімдемін», - дейді ол.
Кейіпкеріміз сияқты қысқа уақыттың ішінде табысты кәсіптің негіздеріне үйренемін деушілер болса, елордадағы халық көп шоғырланатын орындарда орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттеріне барып, еш қиындықсыз JOLTAP жобасының қатысушысы атануға болады.
Тегін курстарда жұмысшы және цифрлық дағдылар бойынша қысқамерзімді оқытудың 18-ден астам авторлық оқу бағдарламасы ұсынылады.
JOLTAP жобасы аясындағы қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін түрде қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP.KZ атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланатын болады.



