Астаналық зейнеткерлер оқушыларға тігіншіліктің қыр-сырын үйретті

Астаналық зейнеткерлер оқушыларға  тігіншіліктің қыр-сырын үйретті
Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ісмер әжелері «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы айында мектеп оқушыларымен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz орталықың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанадағы № 73 физика-техникалық мектептің 9 «Е» сынып оқушыларына шеберлік сабағын берді.

Сабақ барысында әжелер тігіншілік өнердің қыр-сырына тоқталып, қыздарға өлшеп пішуді көрсетіп, белдемше тігуді үйретті.

Сабақтың негізгі мақсаты соңғы кезде сұранысқа ие тігінші мамандығын насихаттап, қыздарды қол өнерге баулу еді.

Жалпы шеберлік сабағы «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануына орайластырылды.

Арт-терапия үйірмесінің шеберлері Майшекер Жаннатова мен Тұрдыгүл Сүлейменова тігінші - шығармашылық мамандық иесі екенін және өнерлі адамның әрдайым табысты болатынын баса айтты.

Сабақ соңында сынып жетекшісі Раушан Тайманқызы ұрпақ тәрбиесіне араласып жүрген белсенді әжелерге алғысын білдіріп, мектеп қабырғасына жиі келіп тұруларын сұрады.

Өз кезегінде 9 сыныпның оқушылары Саида Мақсатова мен Тоғжан Тулеуова  тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі екенін және мамандықты бала кезден армандау керектігін айтты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мамандыққа баулуға бағытталған шеберлік сабағы  - жоғарғы сынып оқушылары үшін пайдалы.