Елордалық мектепте есірткі таратудың жауапкершілігі туралы дәріс өтті

Бүгін, 12:52
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордалық мектепте есірткі таратудың жауапкершілігі туралы дәріс өтті
фото: Айман Нығмет

Бүгін елордадағы №99 орта мектепте «Есіл» ауданы прокуратурасы мен қалалық Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының ұйымдастыруымен темекі өнімдерінің зияны мен нашақорлық туралы оқушыларға арналған дәріс өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – есірткінің заңсыз айналымы үшін жауапкершілік және оларды пайдаланудың зияны мен өз денсаулығына деген жауапкершілікті насихаттау.

Жиында алдымен жоғары сынып оқушыларына есірткіні тарату және осы себепті түзеу мекемелеріне түскендердің тағдыры туралы бейнеролик көрсетілді.  Әрі қарай Астана қаласы Полиция департаментінің Нашақорлықпен күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Лейла Разимова есірткі қылмысының салдары туралы оқушыларға егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.  

«Есіл» ауданы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Айгүл Мадмарованың айтуынша, жалпы аудан бойынша мектептерде әкімшілік құқық бұзушылық туралы жиындар өтіп тұрады.  

«Есіл» ауданының полиция инспекторлары өздері бекітілген мектептерде  жалпы әкімшілік құқық бұзушылық туралы дәрістер ұйымдастырып отырады. Әсіресе есірткі қылмысының салдары туралы мектеп оқушыларына жиі түсіндіреміз. Мұндай жиындарға тек оқушылар ғана емес, ата-аналар да қатысады», - дейді Айгүл Мадмарова.

Айта кетейік, бүгінде елордада  «Заң және тәртіп» және «Астана – есірткісіз қала» акциясы өтіп жатыр. Аудан әкімдіктері мен «Астана жастары» ресурстық орталығының еріктілері қоғамдық орындарда тыйым салынған есірткі граффитилерін өшіріп жатыр.