Астанада зейнеткер полицейлерге алғыс айтты (ВИДЕО)

16 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада зейнеткер полицейлерге алғыс айтты (ВИДЕО)
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана күні мерекесін атап өту кезінде зейнеткер «Бәйтерек» монументі аумағында серуендеп жүріп, телефонының жоғалғанын байқайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Ол уақыт жоғалтпай, жақын маңда жүрген полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Азамат Каримов пен Анархан Өмірбеков жағдайға жедел әрекет етіп, небәрі 10 минут ішінде телефонды тауып, иесіне қайтарып береді.

Зейнеткер тәртіп сақшыларына кәсібилігі, жанашырлығы мен жедел көмегі үшін алғысын білдірді.

«Аға лейтенанттар Анархан Өмірбеков пен Азамат Каримов бізге туғанымыздай қарап, жасымызға сай құрмет жасады. Аға, бірге барып қарап көрейік. Егер таппасақ – бейнебақылау камераларын тексереміз», - деді.

Болжам бойынша, телефон түсіп қалуы мүмкін деген жерді бірге аралаған.

«Алғашында таба алмадық, бірақ біраз уақыттан кейін Анархан өзі тауып, қолыма табыстады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды – өйткені менің жасым сексенге таяп қалды.

Біз тек алғысымызды білдіргіміз келді. Астаналық полицейлер халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтіні, қоғам сеніміне лайық екені анық көрініп тұр. Мен мұны өз көзіммен көріп, шын жүректен алғыс айтқаныма қуаныштымын», - деді елорда тұрғыны.

Жеке заттарыңызды жоғалтқан жағдайда немесе шұғыл көмек қажет болса, полиция қызметкерлеріне жүгініңіз – олар әрдайым жаныңызда және көмектесуге дайын.