Астанада үздік жас отбасылар анықталды
Астанада дәстүрлі отбасылық институтты насихаттау, отбасы құндылықтарын түсіндіру, отбасылық қатынастарды нығайту бойынша әлеуметтік желідегі отбасылық байқауының марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Марапаттау рәсімі «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында өтті. Іс-шара Жастар саясаты мәселелері басқармасы қолға алған «Отбасы – бақыт мекені» неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешені аясында ұйымдастырылды.
Отбасылық эстафетаға 35 жасқа дейінгі елордалық жас отбасылардан 50-ден аса өтінім түсті.
Жеңіске жеткен үздік 20 жеңімпаз отбасы: Әбілдин, Айтпаев, Әселбеков, Әбдірайым, Есенханұлы, Жақсымбет, Жүнісбаев, Құлмырзаев, Қайрат, Қайыртаев, Мәдениет, Нұралин, Нұрғалиев, Паизов, Садықов, Срайыл, Сүлеймен, Тілегенов, Құрметбек, Юсупов. Бұл отбасыларға ақшалай қаражат, диплом, арнайы гүл шоқтары мен мүсіншелер тапсырылды.
Әлеуметтік желідегі отбасылық байқауынының марапаттау салтанаты Мәжіліс депутаты Марат Башимов, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, «Бақытты отбасы» республикалық оқу орталығының басшысы Ырза Тұрсынзада, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының Жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Ажар Саргубенова секілді мамандардың қатысуымен өтті.
Алдағы уақытты «Отбасы – бақыт мекені» неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешенінде жас отбасылар арасында мәдениет, ұлттық дәстүрлер мен адамгершілік құндылықтар негізінде неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған «Үздік жас отбасы» конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Белсенді жас отбасылар жоба соңында бағалы және пайдалы сыйлықтармен марапатталады.