Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қалай өтеді
Астанада 8-14 қыркүйек аралығында алғаш рет өтеді, деп хабарлады Elorda.info.
Бұған дейін мұндай байрақты бәсеке Қырғызстанда үш рет, Түркияда бір рет өтті.
Ойындарда жүзден аса елден 4 мыңдай қатысушы бақ сынайды.
«Көшпенділер ойындары 3 негізгі бағыттан тұрады: спорт, мәдениет, ғылым. Жарыс бағдарламасында спорттың 20 түрінен 110 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Спорттық бағдарламада ұлттық ат спорты, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі садақ ату, аң аулау және зияткерлік спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіледі. Сондай-ақ көрме бағдарламасына 10 түрлі этникалық спорт түрі енеді», - деді Абылай Қондыбаев.
Спорттық бағдарламаның нысандары сызықтық жүйе бойынша бір-біріне өте жақын орналасқан.
Қатысушыларды қонақ үйден жарыс орнына дейін ыңғайлы тасымалдау пысықталды.
Елордада Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарына жаңа спорт нысандары салынбайтынын атап өткен жөн. Жарыс өтетін 6 негізгі спорт инфрақұрылымы бекітілді. Олар: «Астана-Арена» стадионы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Қазақстан» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» қонақ үй кешені, «Қазанат» ипподромы.
«Қазіргі таңда «Қазанат» ипподромында күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Олар «ERG» компаниясы иелерінің қаражаты есебінен жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары ойындар басталғанға дейін толығымен аяқталады және ипподром 10 000 көрерменге арналған жоғары деңгейдегі жарыстар өткізетін орынның бірі болады. Спорт алаңдарынан басқа, «Қазанат» ипподромында спорттың барлық түрі бойынша барлық қажетті ақпаратты шоғырландыратын «Ойындарды басқару орталығы» орналасатын болады», - деді спикер.
Сондай-ақ кездесулерді, тасымалдауды, тамақтануды, қонақтарды шығарып салуды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аудиторияны бүкіл ел көлеміне дейін кеңейту мақсатында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылуда.
Өңірлердің әкімдіктерімен тығыз байланыс орнатылды. Мәдени бағдарламаның негізгі алаңы «Қазанат» ипподромына іргелес 10 гектар аумаққа таралатын «Көшпенділер әлемі» этноауылы болмақ.
Ұлттық музейде этноспортты дамытудың түрлі аспектілері зерттелетін халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Конференция бағдарламасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп дайындалуда. Сонымен қатар ойындарды ұйымдастыруға мыңға жуық ерікті қатысады.