Астанада өтетін BaiQymyz фестивалінде 16 тоннаға жуық қымыз ұсынылады

Бүгін, 15:41
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада өтетін BaiQymyz фестивалінде 16 тоннаға жуық қымыз ұсынылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанадағы «Қазанат» ипподромында 19-20 шілде күндері халқымыздың ежелгі әрі киелі сусыны – қымызға арналған бұрын-соңды болмаған көлемдегі «BaiQymyz – бапталған қымыз және ұлттық тағамдар» гастрофестивалі өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстанның барлық өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысады. Іс-шара барысында жалпы көлемі 16 тоннаға жуық қымыз ұсынылады деп күтіліп отыр. Гастрофистивалге қатысу тегін болады.

Фестивальге 50-60 мың адам келуі мүмкін. Қонақтар екі күн бойы әртүрлі өңірлік қымыздан дәм татып, шипалы сусынның қасиетімен танысады. Қымыздың емдік қуаты мен дәстүрлі дайындалу әдістері шеберлік сабақтары мен ғылыми конференцияларда кеңінен талқыланады.

«Ең үздік қымыз» атағы үшін байқау фестивальдің басты оқиғасы болмақ. Сапасы мен дәмі үйлескен, дәстүрлі әдіспен дайындалған ең шипалы қымыз иелері қомақты жүлде қорына ие болады. Жүлде қоры – 45 миллион теңге:

• I орын – 20 млн теңге;

• II орын – 15 млн теңге;

• III орын – 10 млн теңге.

Қымызбен қатар, шара аясында жылқы көрмесі, қазақи тұқымдарды таныстыру, ат әбзелдері жәрмеңкесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары, ғылыми конференция және аукциондар өтеді. Бұл арқылы жылқы мәдениеті мен ауыл шаруашылығына тың серпін беру көзделіп отыр.

Фестиваль қонақтары Германия, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген ғалымдар, дәрігерлер мен ветеринарлардың баяндамаларын тыңдап, қымыз капсулалау, ашыту технологиясы, сақтау әдістері сияқты заманауи тәсілдермен танысады.