Астанада спорттық гимнастикадан ашық қалалық чемпионат басталды


Бүгін Астанадағы «Жеңіс» спорт кешенінде спорттық гимнастикадан ашық қалалық чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Шара барысында Астана қаласы гимнастика түрлері федерациясының атқарушы директоры Ақтөре Сапабеков сөз сөйлеп, жас спортшыларға әділ бәсеке, сенімділік пен жарқын өнер көрсетуін тіледі.
Аталмыш чемпионатқа Астана мен Павлодар қалаларынан келген 100-ге жуық жас гимнаст қатысып жатыр. Олар түрлі спорт мектептері мен секциялар атынан өнер көрсетуде.
Қазіргі сәтте бұл спорт түріне деген қызығушылықтың артып жатқаны сөзсіз. Өйткені 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Нариман Құрбанов ат снарядындағы сайыста тарихи күміс жүлдені жеңіп алған болатын. 2025 жылы 6 кезеңнен тұратын Әлем кубогында да жерлестеріміз үздік көрсеткіштерін тіркеді. Тек қана Милад Каримидің өзі 6 алтын, 1 күміс, 1 қола иеленіп, мансабындағы ең үздік маусымын өткізе білді.
"Ашық чемпионатқа 46 ұл және 52 қыз қатысуға ниет білдірді. Сонымен қатар Павлодар қаласының командасы да арнайы келді. Бұл жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жасөспірімдер чемпионатына қатысатын құрама жасақталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ақтау және Семей қалаларында өтетін республикалық жарыстарда елорданың намысын қорғайды", — деді спорттық гимнастика жаттықтырушысы Арайлым Хансейітова.
Чемпионаттың мақсаты — елордада спорттық гимнастиканы дамыту және жас спортшылардың шеберлік деңгейін арттыру.
Жарыс бүгін мәресіне жетеді. Қатысушылар әртүрлі снарядтарда өнер көрсетіп, күш, ептілік және көркемдік қабілеттерін паш етеді.



