Астанада шомылу маусымы 1 маусымнан басталады
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті суда адамдардың қаза болуына және жарақаттануына жол бермеу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, іс-шаралар жоспарын бекітті. Алдағы шомылу кезеңіне ТЖД күштері мен құралдары дайын. Бұл туралы бүгін Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Құсайынов айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Азамат Құсайыновтың айтуынша, күнделікті патрульдеуге 40 құтқарушы-сүңгуір, 2 бірлік сүңгуірлік жарақтары бар жедел-құтқару техникасы, 8 бірлік жүзу құралдары және басқа да құтқару жабдықтары дайын.
«Астанада шомылу маусымы 1 маусымнан басталады. Шомылу маусымы алдында ТЖД мен Апаттар медицинасы қызметі бірлесіп мектептерде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша сабақтар, түрлі конкурстар, вебинарлар ұйымдастырды. Астана қаласының жұмыспен қамту орталығының қоғамдық қызметкерлерінің көмегімен жыл сайын рейдтік шаралар жүргізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері бойынша үгіт-насихат жұмыстары түсіндіріліп, жадынамалар таратылады», - деді ол.
Сондай-ақ, Полиция департаменті және Ұлттық ұланның 5573 Ә/Б-мен бірлескен рейдтер өткізу жоспары бекітілген.
Шаһар тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін шомылуға рұқсат етілген жағажай аймақтарының 5 учаскесі бар. Олардың төртеуі жеке ақылы жағажай («Орталық қалалық жағажай», «Три пескаря», «Столичный двор», «Армина» демалыс аймағы), біреуі тегін коммуналдық жағажай. Су айдындарының рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелерінің тізбесі «2gis» картографиялық платформасында орналастырылған.