Астанада майдангерді Жеңіс күнімен құттықтады (ФОТО)
Байқоңыр ауданында Қарулы күштердің әскери қызметшілері Екінші дүниежүзілік соғыстың 97 жастағы ардагері Михаил Куликті Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Майдангер тұратын үйдің ауласында Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің музыканттары концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Олар қарт сарбазға салтанатты шерумен соғыс дәуіріндегі лирикалық әуендерді орындап берді.
Михаил Кулик 1943 жылы майданға аттанғанда 18-ге толмаған еді. Харьковтан Киевке дейінгі жорық жолдарынан өтті. Жараланып, алты ай госпитальде жатты. Кейін ол Белоруссия майданына жіберілді.
Витебск маңында екінші рет жарақат алды. Ем алып шыққаннан кейін Краков пен Познаньды азат етуге қатысты. Көптен күткен жеңісті Эльбаға санаулы шақырымдар қалғанда қарсы алды.
Михаил Григорьевич Украинада туған. Қазақстанға 1954 жылы келіп, Целинтрансстройда жұмыс істеген. Ақмола – Павлодар темір жолының, Кеңестер үйінің, "Турист" қонақүйінің, Жастар сарайының құрылысына қатысып, Жеңіс даңғылын салды.
Кездесу барысында әскери қызметшілер қарт майдангерге батылдығы мен табандылығы және керемет еңбекқорлығы үшін алғыс айтып, оған ұзақ өмір мен амандық тіледі. Ардагер көрсеткен құрметі үшін ризашылығын білдіріп, қызметте табыс тіледі.