Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеді
Жыл басынан бері Астанада ӘМАТ бағасы 0,9 %-ға төмендеп, баға индексі 99,1% құрады. Бұл туралы Elordainfo.kz Сауда министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Оған бірінші сортты бидай ұны, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, қырыққабат, қант және тұз сияқты өнімдердің бағасының төмендеуі себеп болды.
Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ӘМАТ бағасының өсу қарқынын тежеу үшін жұмыс жүргізуде.
Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңымен ӘМАТ-қа шекті сауда үстемесінің мөлшері енгізілген, сатушының маржасы өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушіден сатып алу бағасынан 15%-дан аспауы керек.
«Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін 305 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданды, оның 40-ы 3 миллион 205 мың теңге көлеміндегі айыппұл. Айыппұлға іліккен ірі сауда нысандарының ішінде елордадағы «Вкусмарт», «Galmart», «Астықжан» және «Десткий мир» сауда желілерінің дүкендері бар», - делінген министрліктің хабарламасында.