Астанада «Елорданың жүз жарқын бейнесі» атты фотокөрме өтеді
Республика күніне орай Астанада бүгін сағат 15.00-де «Елорданың жүз жарқын бейнесі» атты фотокөрме өтеді. Бұл шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында туған жерге деген сүйіспеншілік пен экологиялық жауапкершілікті дәріптеуге арналған маңызды бастама болып саналады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша өтіп жатыр.
Көрме елордамыздың тазалығы мен абаттандыруы үшін белсенді еңбек етіп жүрген қала тұрғындарының үлесін айқындап көрсетеді. Экологиялық мәдениетті насихаттап, табиғатты қорғау мен қаланы көркейтуге бағытталған бұл бастама қаланың тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосқан жандардың еңбегін елге таныту мақсатында ұйымдастырылады.
Фотокөрмеде елорданың тазалығына үлес қосқан белсенді қала тұрғындарының еңбегін бейнелейтін 100 сурет А3 форматында ұсынылады.
Жиын барысында қоршаған ортаны қорғауға, қала тазалығына байланысты маңызды мәселелер көтеріліп, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған диалог алаңдары да ұйымдастырылады.
Фотокөрме Тұран 37, даңғылында орналасқан «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында өтеді.