Астанада автобустарға жолақы төлемеген жолаушыларды анықтайтын бейнекамералар орнатылды
«City Transportation Systems» ЖШС «Астана қаласының қоғамдық көлігіндегі бейнеаналитика жүйесі» инновациялық жобасын енгізеді, деп хабарлады Elorda.info.
«2 мамырдан бастап № 24 бағдардың бір автобусында нақты уақыт режимінде деректерді талдауға мүмкіндік беретін камералар, роутерлер мен борттық компьютер орнатылды. Әр есікке қарама-қарсы орналасқан камералар кірген жолаушыларды есептейді және төлем деректерін салыстырады. Бұл бағдардағы жол ақысы ең көп төленбейтін уақыт пен учаскелерді дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпарат жедел түрде CTS-тің көліктік бақылау департаментіне жолданады», - делінген «City Transportation Systems» ЖШС хабарламасында.
Жаңа бейнебақылау іске қосылған күннен бастап жүйе бір автобуста 2 мыңнан астам адамның билетсіз жүргенін анықтады. Пилоттық жоба болғандықтан жолаушыларға айыппұл салынбаған.