Астанада ауқымды жалпы қалалық сенбілік өтіп жатыр

Бүгін, 10:58
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views65
Астанада ауқымды жалпы қалалық сенбілік өтіп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында 11 қазан күні таңертең елордада жалпы қалалық сенбілік басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сенбілікке қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафе, мейрамханалар және басқалар), волонтерлер, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ ПИК (МИБ) өкілдері және басқа да ұйымдар қатысып жатыр.

Экоакция аясында Астанада қала аумағын санитарлық тазалау, нөсер және арық жүйелерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді жинау жұмысы жүргізіледі.

Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды тазалау, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою және басқа да іс-шаралар өтуде.

Қала тұрғындары елорданың тазалығы мен тәртібін сақтау ісіне белсенді атсалысуда. Тұрғындар аула болып бірігіп, өз аудандарында тазалық жүргізіп жатыр.

«Ұжым болып, дүкеніміздің маңайындағы аумақты тазалауға шықтық: тротуарларды, автотұрақты, гүлзарлар мен көгалдарды қоқыстан, қураған бұтақтар мен жапырақтардан тазарттық. Мұндай акциялар тек тазалық орнатуға емес, сонымен қатар бизнестің айналасында жайлылықты қалыптастыруға көмектеседі, бұл жерде әрі клиенттерге, әрі қызметкерлерге жағымды болмақ», - деді акция қатысушыларының бірі, дүкен иесі.

Ауқымды тазалық жұмысы аясында елорданың барлық алты ауданында ағаш отырғызылды.

«Бүгін біз достарымызбен бірге өзіміздің алғашқы ағашымызды отырғыздық, бұл жай ғана сенбілікке қатысудан әлдеқайда әсерлі екен. Адам өз қолымен отырғызған ағаштың қаламен бірге өсетінін ойлаудың өзі ерекше сезім. Біз экология мен тазалық туралы жиі айтамыз, ал бүгін осы бағытта нақты қадам жасап отырмыз», – деп әсерін жеткізді ЖОО студенті.