Астанада Асқар Забикулинге арналған бюст ашылды
Астанада №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында ерлікпен қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің құрметіне бюст ашылды, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгін – Құтқарушылар күні – Астанада өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің бюсті ашылды. Оның жанқиярлық әрекеті, қаһармандығы мен батылдығының арқасында адамдар құтқарылды. Асқар Забикулиннің ерлігі жүрегімізде мәңгі сақталады.
Бюст №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бекетінің аумағында орналасқан. Сол сияқты батырдың құрметіне көше атауы беріліп, ескерткіш тақта орнатылды.
Құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Сіздер мыңдаған адамның өмірін ажал аузынан құтқарып қалдыңыздар. Сіздердің мамандықтарыңыз үлкен құрметке ие әрі қауіпті. Бәріңізге қызметтен ылғи да аман-есен оралуды тілеймін! - деп жазды Ж.Қасымбек.
Айта кетейік, елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулин 2022 жылғы 20 қарашада тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіру барысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапты, онда ержүрек, батыр әрекеттерімен өз өмірін қатерге тігіп, үш адамның өмірін сақтап қалды.
Президенттің Жарлығымен Асқар қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.