00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада «Абай ғибратнамасы» кітабының таныстырылымы өтті

17 қазан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада «Абай ғибратнамасы» кітабының таныстырылымы өтті
коллаж Elorda.info

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор Серік Негимовтің «Абай ғибратнамасы» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elorda.info

 

Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Сенатының депутатары, ғылыми қауым өкілдері, қаламгерлер мен жастар қатысты.

Серік Негимовтің «Абай ғибратнамасы» еңбегінде хакімнің даналық болмысы, көшбасшылық мінезі, харизмалық тұлғасы, патриоттық ой-тұжырымдары жарқын көрініс тапқан. Кітап төрт тараудан тұрады: «Мінез – сауыт», «Сөз келісі», «Ар ойла», «Шын ақыл». Онда Абай еңбектерінің ерекшеліктері ғылыми тұрғыда жан-жақты талданады. Сонымен қатар, қазақ сөз өнерінің дамуын қалыптастыруда Абай шығармаларының өзектілігін көрсетуге бағытталған.

Республика күні қарсаңында тарихты терең зерделеуге бастайтын өнегелі, өрісті іс-шаралар өз жалғасын табуда. Соның бірі – ЕҰУ профессоры Серік Негимовтің «Абай ғибратнамасы» кітабының таныстырылымы. Қазіргі қоғам дамуы жағдайында және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде Абай мұрасын зерттеудің жаңа кезеңі басталғанын атап өтуге болады. Оған С.Негимовтің «Абай ғибратнамасы» дәлел, - деді ректор Ерлан Бәтташұлы.

«Абай ғибратнамасы» кітабы «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жарық көрген. Автор өз еңбегінде Абайдың қағидаттарын рухани өрлеудің, өркениет әлеміне жетудің кілті ретінде қарастырған. Оның ұлттық және жалпыадамзаттық идеяларға бай даналық ой-тұжырымдары ғибрат әрі кемеңгерлік кеңес ретінде қабылданатынын жеткізген.

Абайдың бір сөзі – сыпайлыққа, бір сөзі – еңбектенуге, бір сөзі – өнер, білім, ғылымға, бір сөзі – әділет, арлылық, махаббатқа үндейді. Абай – көреген көшбасшы. Абай құдiретi дегенiмiз – ұлт болмысының құдiретi. Сол себептi Абай поэзиясының таңға­жайып көркемдiк нақыштары, сұлулық сырлары, әдеби-эстетикалық дүниетану даралығы, образдық-символи­калық астар-қабаттары телегей. Абай шығармашылығы – замандар мен дәуiрлер бойы жасаған халық тiлiнiң айнасы, халықтың айдын шалқар өмiрлiк тәжірибесi, ақыл-ой қазы­насы, - деді кітап авторы.     

Тұсаукесер рәсімде сөз алған ғалымдар автордың отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі жайлы айта келіп, бұл еңбек білім алушы студент, магистрант, докторанттар мен гуманитарлық сала мамандары үшін таптырмас құрал екенін жеткізді.