Астана әуежайында грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды қарсы алды

22 қыркүйектен 23 қыркүйекке ауған түні Астана халықаралық әуежайында Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали мен Ұлттық құрама спортшылары, бапкерлері туған еліне оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Спортшыларды қарсы алушылардың қатарында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, спорт жанкүйерлері, әскери оркестр болды.
«Қарсы алып жатқан барша қазақ жұртына алғысым шексіз! Ұзақ жылдардан кейін салған алтын жолым одан әрі жалғасын таба берсін деген тілегім бар. Финалдық белдесуге келетін болсақ, мұндай мүмкіндік келе бермейді. Сондықтан 6 минут бойы шабуылға ұмтылып, алтынды жұлып алу керек болды. Шүкір, қолдан келді. Енді алдағы уақыттағы басты мақсатым – 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиада ойындары», - деді Айдос Сұлтанғали.
Айта кетейік, 60 келіде бақ сынаған Айдос Сұлтанғали финалдық бәсекеде Өзбекстан балуаны Әлішер Ганиевті бір минутта таза жеңген еді.
Ол бұған дейін 2018 және 2022 жылдары қола жүлдені еншілеген болатын.
Ал грек-рим күресінен отандық спорттың тарихына үңілсек, Юрий Мельниченко (2 рет), Мхитар Манукян (2 рет), Бақтияр Байсейітов (1 рет) ғана жеңістің ең биік сатысына шыға алған.
«Кадеттер, жастар арасында әлем чемпионын шығардым. 3 айдай бұрын ғана құрама тізгінін ұстағанда, енді ересектерден де чемпион шығарсам деген арман болды. Міне, сол арман 26 жылдан кейін орындалды. Ендігі меже – Олимпиада чемпионы», - деп грек рим күресінен бас бапкер Қонысбек Төкенов пікірін білдірді.
Маусым айының ортасында ғана грек-рим құрамасының бас бапкері атанған 45 жастағы Қонысбек Төкенов қысқа мерзімде ғана мықты балуандарды жасақтай алды. Грек-рим шеберлері жаһандық додада ең көп 29 белдесу (16 жеңіс, 13 жеңіліс) өткізді. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, 35 жастағы Демеу Жадыраев (77 келі), Мерей Мәулетқанов (72 келі), Ислам Евлоев (87 келі) қола жүлдеге қол жеткізе алмаса да, жеңіске деген жігерімен тәнті етті.
Енді балуандарымызды 2026 жылы Жапониядағы жазғы Азия ойындары мен Бахрейндегі жаһандық дода күтіп тұр.