«Астана патриоты» байқауы: елордаға еңбегі сіңген азаматтар марапатталады
Астана күніне орай «Астана патриоты» республикалық байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шараның мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласына орай елімізге адал еңбек етіп жүрген мамандарды, яғни өз ісінің майталмандарын қоғамда кеңінен насихаттау, жастарға үлгі ету.
«Негізгі конференциямыздың тақырыбы – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталады. Мақсатымыз - Президенттің бағдарламалық мақаласын насихаттау. Ал тәуелсіздігіміздің негізгі нышандарының бірі – елорда болғандықтан, «Астана патриоты» республикалық байқауында бас шаһарымыздың қалыптасуына, өркендеуіне үлес қосып жатқан ғылым-білім, өнер мен мәдениет, медицина қызметкерлері, өзге де қоғам қайраткерлерін қала күніне орай марапаттауды жөн көрдік», - дейді «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының директоры Сәлімгерей Балдәурен.
Байқауға барлық астаналықтар, яғни әр саланың үздік мамандары қатысуға мүмкіндік алды. Үміткерлер байқау шарты бойынша маусымның 26-сына дейін өздері туралы мәліметтерді ұйымдастырушыларға жіберді. Ал 5 шілде күні конференция түрінде өтетін марапаттау рәсімінде өзгелерден оқ бойы озық шыққан қатысушыларға елімізге белгілі тұлғалар арнайы марапаттар мен төсбелгілер табыс етеді.