Astana Invest фронт-офисінде инвестициялық жобалар талқыланды
Бүгін Astana Invest фронт-офисінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов ведомстволық ұйымдардың өкілдерімен: Astana Invest және Астананы дамыту орталығының басшылығымен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында ағымдағы жобалар мен келер жылдың жоспарлары талқыланды.
Жыл басынан бері жұмыс істеп келе жатқан Astana Invest фронт-офисі қалада инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан жергілікті және шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыруда.
Кеңсенің жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылған, бұл инвесторларды тарту мен сүйемелдеу үдерісін және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды жеңілдетеді.
«Елімізде инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Инвестициялық штаб құрылып, өңірлік Инвестициялық штабтың тұрақты отырыстары өтуде. Жергілікті және атқарушы органдар, сондай-ақ коммуналдық қызметтер елорда аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов.
Айта кетейік, Astana Invest фронт-офисі Ә.Мәмбетов көшесіндегі «Аффари» бизнес орталығында орналасқан.