Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға маңызды хабарлама жасады


Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға маңызды хабарлама жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құрметті жолаушылар! Астана халықаралық әуежайы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарламасына сәйкес, 2025 жылғы 19 шілде күні сағат 02:00-ден 08:00-ге дейін компанияның цифрлық сервистерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізілетінін хабарлайды.
Аталған уақыт аралығында келесі мемлекеттік электрондық сервистер уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін: eGov порталы, eGov mobile қосымшасы («Цифрлық құжаттар» қызметін қоса алғанда), e-Otinish, E-license және өзге де мемлекеттік қызметтер», - делінген хабарламада.
Елордалық әуежай қызметінің мәліметінше, техникалық жұмыстар түнгі уақытта, пайдаланушылардың белсенділігі төмен кезеңде жүргізіледі.
Дегенмен туындауы мүмкін қолайсыздықтың алдын алу үшін барлық қажетті операцияны алдын ала аяқтап, әуежайдағы тіркелу, тексерістен өту кезінде қажет болуы мүмкін жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік және басқа да құжаттардың түпнұсқасын өзіңізбен бірге алып жүру қажеттігін еске салды.



