Астана экономикасына 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды – әкім

28 қаңтар, 2025
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Астана экономикасына 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды – әкім
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2024 жылы Астана экономикасына 1,9 трлн теңге инвестиция тартылған, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 13%-ға жоғары (ҚР бойынша – 107,5%). Оның ішінде, жеке инвестициялардың үлесі 70%-ды құрап, 7,2%-ға өсті (1,3 трлн теңге).

Қала экономикасының негізі шағын және орта бизнес болып қала береді. Елорданың жалпы өңірлік өнім құрылымындағы шағын және орта бизнес үлесі 72%-ды құрайды, бұл республикалық орташа деңгейден 2 есе жоғары.

«Өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,2%-ға өсті.

Мұның барлығы, ең алдымен, жүйелі мемлекеттік қолдау мен қолайлы салық режимінің арқасында мүмкін болды», - деді Астана әкімі.

Елордадағы өнеркәсіп өндірісі 6,7-пайыздан астам өсім көрсетіп, 2,5 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 9,8-пайыздық өсім қамтамасыз етілді.