«Астана ақшамы» тілшісі Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанды
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Журналистер одағының биылғы лауреаттары мен Қазақстанның Құрметті журналисі атағын иеленген қаламгерлер анықталды, деп хабарлады Elorda.info.
Осы жылғы лауреаттардың арасында «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Райхан Рахметова бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі Райханның журналистикадағы жалпы еңбек өтілі жиырма жылға жуықтайды. Журналистік жолын «Қазақстан» ұлттық арнасынан бастаған ол басқа да телеарналар мен басылымдарда жұмыс істеді. «Астана ақшамы» газетіне келгеніне үш жыл болды. Әртүрлі тақырыпта жазатын журналист, негізінен, денсаулық сақтау саласы туралы қалам тербейді. Райханды ұжым атынан құттықтаймыз!
«Астана ақшамы» газеті, сондай-ақ, газетіміздің ардагері, ақын, аудармашы Амангелді Жұмабек өмірден өтіп кеткенін жазды. «Қазақстанның Құрметті журналисі атағын иеленген қаламгерлер тізімінің арасында есімін көріп, ағаның асыл бейнесін еске алдық. Ардагеріміздің рухы пейіште шалқысын!» - делінді газетте.