Қарағандыда кибералаяқтық схемасы әшкереленді: 2000-нан астам sim-карта тәркіленді
ҚР Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен Қарағанды облысы полиция департаменті жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жақын шет елдердің бірінің 22 жастағы азаматы ұсталды. Оған ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының идентификациялық кодтарын заңсыз өзгертіп, азаматтарды алдау мақсатында пайдаланған деген айып тағылуда, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тінту барысында дыбыс күшейткіш ретінде жасырылған арнайы құрал-жабдық тәркіленді. Бұл құрал Қазақстан Республикасы азаматтарына банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері атынан қоңырау шалып, алдау және алаяқтық әрекеттер жасау үшін пайдаланылған. Күдіктінің жалдамалы пәтерінен 2100-ден астам sim-карта, екі ноутбук, екі мобильді телефон, планшет табылды. Тәркіленген құрал-жабдыққа қатысты 48 абоненттік нөмірден азаматтарға қоңыраулар жасалғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа алаяқтық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті прокуратураның келісімімен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.