Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді


ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ ғылымының атасы атанған Қаныш Сәтбаевтың толық шығармаларынан құралған 10 томдық жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жинақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басқаруымен және «Халықаралық Сәтбаев қорының» атсалысуымен жарық көрді.Шарада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хаттары оқылды.
Модератор ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы жинаққа ғалымның 1923-1963 жылдар аралығындағы монографиялары, мақалалары, баяндамалары, геологиялық барлау есептері мен ғылыми-техникалық жобалары, руханият саласындағы еңбектері енгенін, Сәтбаевтың ғылыми мол мұрасының тереңдігі мен отандық ғылымның іргетасын қалаудағы тарихи рөлі туралы айтып өтті.
Іс-шара барысында 10 томдық жинақ «Атамұра» баспасынан 10 мың дана таралыммен жарыққа шығып, еліміздің ғылыми мекемелеріне, жоғары оқу орындарына және кітапханаларына үлестірілгендігі жөнінде, сонымен қатар жинақтың цифрлық нұсқасы электронды кітапханалар мен ашық ғылыми платформаларда қолжетімді екендігі де баса айтылды.
Шараға ҚР Үкіметінің мүшелері, ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы басшылығы мен Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.