Алматы ауданының тұрғындары қаланың бас жоспарымен танысты
Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін және халықты кеңінен қамту үшін қоғамдық талқылаулар елорда аудандарында өтіп жатыр, хабарлады Elorda.info.
Алматы ауданында өткен жиынға «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының директоры орынбасары Серік Әбдірахманов қатысып, жиналған қауымға бас жоспарды таныстырды.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр 15-18 қараша аралығында 2035 жылға дейінгі Астананың жаңа бас жоспарының жобасы алдын ала қоғамдық талқылаудан өтті. Оған 1000-нан астам адам қатысты. Қоғамдық талқылау барысында қойылған барлық сұрақтар, ұсыныстар мен ескертулер қоғамдық талқылау хаттамаларына енгізілді. Барлығы 396 сұрақ қойылды. Оның көбі құрылыс мәселесі жөнінде болса, қалғаны білім беру, денсаулық сақтау,көлік тұрағы, абаттандыру бойынша болды. Бүгін сіздерге Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын ұсынып отырмыз. Елордада 5 аудан болса,соның әрқайсында халықтың сұранысын қамту керек. Мәселен, дәл қазіргі бас жоспарда қамтылмаған білім беру ұйымдары мен балабақшалар, емхана мен ауруханалар, саябақтар мен демалыс орындары қамтылатын болады. Олар әр аудан тұрғындарына мейлінше жақын болуы керек,- дейді Серік Әбдірахманов.
Аудан тұрғындары сала мамандарына бос жоспар бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Солардың бірі - елордалық Елена Башкатова.
«Промышленный» тұрғын үй алабындағы үйлер ескі. Балалар ойнайтын алаң мен саябақтар жоқ. Жақын маңда емхана жоқ. Балабақша да жетіспейді. Автобус бағыттары да аз. Бізде тұрғандардың көбі оң жағалауда жұмыс істейді. Сондықтан базар жаққа баратын болсақ, бірнеше автобусқа отыру қажет. «Нұрлыжол темір» жол аумағында абаттандыру жұмыстары жеткілікті жүргізілмейді. Біз қаланың шеткі аймағында тұрсақ та, барлық қызметтер қолжетімді болса дейміз. Бас жоспарда барлығы ескереді деп үміттенемін,- дейді қала тұрғыны Елена Башкатова.
Қоғамдық талқылау барысында тұрғындар биік тұрғын үйлерді салуды тоқтату, жарықпен қамтамасыз ету және әлеуметтік нысандар бойынша сұрақ қойды. Айта кетейік, 25 тамыз күні «Жастар» сарайында қорытынды қоғамдық талқылау өтеді.