Алдағы жылдарда «Мыңжылдық аллеясындағы» абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталады – Жеңіс Қасымбек

17 сәуір, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Алдағы жылдарда «Мыңжылдық аллеясындағы» абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталады – Жеңіс Қасымбек
Фото: Астана қаласы Урбанистика орталығы

Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек «Сарайшық» ауданы тұрғындарының есептік кездесуінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сарайшық» ауданы тұрғыны қала әкіміне үйлерінің жанынан өтуі тиіс «Ұлы дала» даңғылының жалғасы әлі салынбағанын, аталған жол құрылысы қашан бітетінін сұрады. Өйткені бұл жерлерге ағаштар өсіп кеткен, құрылыс орны жатыр, ал бұл балалардың жүріп-тұруына қауіпті. Сонымен қатар ол өздері тұратын үйдің алдындағы «Мыңжылдық аллеясының» құрылыс жұмыстары басталмағанын, бұл жөнінде қандай жоспарлар бар екенін сұрады.

«Сіз айтып отырған Нәжімеденов және Байтұрсынов көшелерінің ортасындағы жолды биыл толығымен бітіреміз. Бұл – «Ұлы дала» даңғылының жалғасы. Ол толығымен бітеді. Ал «Мыңжылдық аллеясы» бойынша жұмыстар басталып жатыр. Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары екі жақтан, «Нұрлы жол» вокзалындағы саябақтан және Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрынан басталады. Ортасында жасыл аллея болады. Бас жоспар бойынша екі-үш жылдың ішінде «Мыңжылдық аллеясы» абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары аяқталады», - деді Ж.Қасымбек.