Қала әкімімен кездесу елорданың барлық ауданында өткізіледі


Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Есіл ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткіздім. Кездесу 5 сағатқа созылды. «Ашық микрофон» форматында ниет білдіргеннің бәрі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.
Тұрғындар әлеуметтік нысандар (мектептер, емханалар), жол инфрақұрылымы, тұрғын үй кешендері құрылысының сапасы, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру, көлік, жарықтандыру, жылы аялдамалар орнату секілді т.б. мәселелерді көтерді», - деп жазды Ж.Қасымбек.
Кездесуде ол Астана қаласы бойынша атқарылған ауқымды істерге тоқталды.
Мәселен, былтыр Есіл ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 мектеп салынды, 13 жылы аялдама орнатылды, 11,4 км сыртқы жарықтандыру кабельдері ауыстырылды және т.б.
Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді: ботаникалық бақта, ЕХРО-ның іргелес аумағында, Достық, Қонаев, Ақмешіт көшелерінде, Мәңгілік ел даңғылының бойында; Ұлытау, Керуен және т.б. гүлзарлар салынды. Биыл Есіл өзенінің жағалауын жаңғырту, Пригородный елді мекенінің «ЮГ» ТК ауданында гүлзар салу және т.б. жоспарланып отыр.
Қала әкімі аталған жұмыстың барлығы биыл да жалғасатынын айтты.
«Кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды. Біз оларды қысқа, орташа және ұзақ мерзімді деп бөлеміз. Мұндай кездесулер қаланың барлық ауданында өткізіледі», - деді қала әкімі.