АҚШ-тағы қазақ журналисі: Қазақстан журналистикасы өз жолымен дамып келеді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
АҚШ-тағы қазақ журналисі: Қазақстан журналистикасы өз жолымен дамып келеді
ашық дереккөз

Айта кетсек, Нью-Йоркке қоныс аударғанға дейін Ажар Нұртайқызы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Журналистика және саясаттану факультеті) студенттерге дәріс берген. «Kazakh TV», «Astana TV» және «Балапан» телеарналарындағы бірқатар бағдарламаның продюсері болған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, журналистика магистрі. – Ажар, қазақстандық студенттердің Америкаға қатысты (өмір сүру салты, білім жүйесі, мүмкіндік ресурсы) стереотиптері туралы айтып өтсеңіз. – Негізі, соңғы он жылдың ішінде Америка туралы стереотиптер біраз өзгеріске ұшырады деп ойлаймын. Әрине, оның негізгі себебі – біздің қоғамда да, АҚШ қоғамында да белгілі бір өзгерістердің орын алуы. Жалпы, негізгі стереотип қалыптастырушы – медиа саласы болғандықтан, кез келген елдің осы саласын зерттеп, бақыласақ көп нәрсені түсінуге болады. Ал нақты сұрағыңызға келетін болсақ, жоғары білім алып жатқан Қазақстан жастарының көзі ашық, көкірегі ояу және кез келген ақпаратты салмақтап, шын-өтірігін айыра біледі деген ойдамын. Жаңа  технологиялардың дамуы, интернеттің қолжетімділігі, әлеуметтік желілердің қарқын алуы бір жағынан стереотип қалыптастырушы  құралдар санының артуына әкелсе,  екінші жағынан стереотип құлдыратушы рөлін де атқарады. Сондықтан қазіргі таңда кез келген стереотиптің өмірі қысқа деп ойлаймын. АҚШ дегенде көпшілік Нью-Йорк қаласын елестетеді. Негізгі стереотип осы деп ойлаймын. Нью-Йорк – қайталанбас, ерекше қала, тіпті мемлекет ішіндегі мемлекет деп айтар едім. Оның алуандылығы соншалық, жаяу жүріп бара жатып, бір көшеден  екінші көшеге бұрылсаң, басқа елдімекенге тап болғандай әсерде боласыз. Нью-Йорктің өмір сүру салты, ырғағы, жалпы Американы суреттеуге келмейді. Әр штат өзіндік ерекшеліктерге ие. Тіпті, заң тұрғысынан да айырмашылықтары аз емес. "Жеміс-жидек дәрі қосылып өсірілген, барлық тағам жасанды" деген стереотип бар. Шындығында, бұл жерде кез келген талғамға сай азық-түліктің барлық түрін табуға болады. Тіпті, халал ет те жетіп артылады. «USDA organic» деген мекеменің талабына сай тағамдар "органикалық жолмен өсірілген" деген белгі иеленіп, құтының сыртында көрсетіледі. Немесе көкөніс, жеміс-жидек қабығындағы жапсырмалар "9" санынан басталады. Мұндай азық-түлік бағасы, әрине, қымбаттау. Бірақ адам не сатып алып жатқанынан толықтай хабардар болады. Яғни алдау деген жоқ. Сонымен қатар “даладан жиі тамақтанады” деген стереотип бар. Бұл шындыққа жақын. Әсіресе, үлкен қалалардың өмір салты деуге болады. Менің білуімше, АҚШ туралы кең тараған пікір – ол адам құқығының, әсіресе сөз бостандығының бұзылмауы. "Стереотип" сөзінің орнына "пікір" сөзін қолдануымның себебі мен үшін бұл шындыққа сай келеді. АҚШ-тың әр адамға мүмкіндік сыйлай алатын мемлекет екені рас. Әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама жанұялар қауіпсіз мекен іздеп, жақсы өмір сүруге мүмкіндік іздеп, осы елге келіп жатыр және олар көмексіз қалып жатқан жоқ. Осы қасиеті үшін АҚШ құрметке лайық екенін мойындауымыз керек. Бірақ біздің қоғамда мұны ертегімен шатастырудың қаупі әлі күнге шейін сақталып келген сияқты. Ешқандай сиқыр жоқ, тек жетелейтін арман мен қажымас қайрат. Еріншектік бұл жерде бірден көзге түседі. Жалпы, "армандар тек АҚШ-та орындалады" деген қате стереотип. Өз басым біздің Қазақстанымызда да «үлкен іс атқарамын» деген адамға мүмкіндік жеткілікті деп білемін. ТМД елдерінің де қаншама азаматтары Қазақстаннан пана тауып, дегендеріне жетіп жатыр емес пе? Ізденген адамға мүмкіндік бар. – Сіздің ойыңызша, қазақ журналистикасы АҚШ медиасының қазіргі деңгейіне жетуі үшін ең алдымен қандай ресурс және қанша уақыт, қандай өзгеріс керек? – Негізгі талап – көптілді және батыл мамандар санын арттыру. Жоғары білім беру орындарын техникалық жабдықпен қамтамасыз ету керек. Әрбір студент, болашақ журналистика мамандығының иесі кәсіби камерамен, видео, дыбыс өңдеу құралдарымен тек алшақтан танысып қоймай, оны қолдануды үйренуі керек. Бұл – конвергентті журналистерді дайындаудың қарапайым талабы.  Қазақстандық немесе әлемдік деңгейдегі мәліметті тікелей дерек көзінен алатын жағдайға жетуді кездеуіміз керек деген пікірдемін. Жалпы, қазақ журналистикасының дамуы қарқыны күшейе түсетініне сенемін. Бүгінгі құбылмалы әлемде болжам жасау өте қиын. Себебі шындық бір сәтте өзгеріп шыға келуі мүмкін.  Бірақ  қазақ журналистикасының өз жолымен дамып келе жатқаны анық.  "QalAman NYC" медиакомпаниясы туралы айтсаңыз. Бұл компани екі елдің журналистерін байланыстыруға септігін тигізе ала ма? Қазақ журналистері үшін қандай мүмкіндіктер ұсынады? Осы компанияның арқасында АҚШ-та қазақша ақпарат тарауы мүмкін бе?  – QalAman media компаниясы деректі фильмдер және басқа да медиа өнімдер, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру арқылы екі елді мәдени жақындастыруды көздейді. Әрине, қазақстандық мамандар да тартылады. Сондықтан қазақ журналистикасының дамуына септігін тигізеді деп сенемін. Қазақстанның 30 жыл ішіндегі ең үлкен жетістігі не деп ойлайсыз – Біздің Қазақстан болып қол жеткізген ең үлкен жетістігіміз – 30 жыл бойы бейбітшілігімізді сақтап келуіміз. Ол алдымен қазақ ұлтының мейірімділігінің, одан кейін мемлекеттің саяси бағдарының арқасында мүмкін болып отыр деп ойлаймын. Алда бағындырар белес әлі көп, ең бастысы ел іргесі тыныш болып, халқымыз аман болсын! Сұхбатыңызға рақмет! 

Азамат МАХАМБЕТ