Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар саны артты – Сархат Бейсенова

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар саны артты – Сархат Бейсенова
ашық дереккөз

"Нұр-Сұлтан қаласындағы CОVІD-19 инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 17-ші күні "қызыл аймақта" тұр. Күніне 150-ден 280-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптамен салыстырғанда бірдей деңгейде, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш - 121,1-ді құрады. Репродуктивті саны - 0,92", - деді С.Бейсенова.

Жыл басынан бері қала бойынша сырқаттанғандар саны 10 мыңнан асты, пандемия басталғалы 28 941 жағдай тіркелді (оның ішінде 18 403 - симптоматикалық және 10 528 - симптомсыз). "Ақпан айында сырқаттанушылық динамикасы қаңтармен салыстырғанда 25%-ға төмендегені байқалды. Алайда, бүгінгі күні соңғы алты айдағы ең жоғары көрсеткіш қаңтар айында орын алған жоғары деңгейдің қайталанып отырғанын байқаймыз. Тәулігіне 185 алғашқы жағдай тіркелді (симптомдары бар 118 жағдай, 67 симптомсыз жағдай). Осы мерекелік аптада науқастармен байланыста болғандар саны 10%-ға өсті, яғни 500-ден 735 адамға дейін, бұл қала тұрғындарының карантиндік шараларды, оның ішінде үй карантин режимін сақтамағанын көрсетеді. Сонымен қатар, өткен аптамен салыстырғанда балалар арасында аурудың 5%-ға, яғни 210-нан 339-ға дейін өсуі байқалады", - деді елорданың бас санитар дәрігері. Қазіргі уақытта белсенді ошақтар саны – 1 517, оның ішінде: үй – 987, ұйымдастырылған – 538, онда 3 417 байланыста болған адам медициналық бақылауда.