Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған қайырымдылық концерті өтті
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған қайырымдылық концерті өтті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172111966716475446.webp)
Наурызды жаңа форматта мерекелеудің тұжырымдамасына сәйкес негізгі мақсат – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту, сонымен қатар қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру.
«Театр бұл концерттерді балаларға қуаныш сыйлау үшін ұйымдастырды, олардың басым көпшілігі үшін аталған мереке мен әртістердің өнер көрсетуі өмірлеріндегі ең жарқын сәт болып қалмақ. Балалар әсерлерімен бөлісе отырып, көбісі үшін бұл – театрмен алғашқы кездесу екенін әрі асқақ өнермен танысу керемет өткенін атап өтті, олар шынымен де ғажайып күннің куәсі болды. Сөзсіз, мұндай шаралар балалардың ой-өрісін кеңейтіп, тұлғаның дұрыс қалыптасуына септігін тигізеді. Біз балалардың көзінен бақыттың ұшқынын көрдік, бұл жүректі тебірентері анық. Мүмкіндігінше бір-бірімізге жанашыр болуға, жақындарымызға қамқор болуға шақырамын, - деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Мазмұнды бағдарламаға өскелең ұрпақты талай жылдар қуантып келе жатқан қызықты да сан алуан шығармалар: Е.Брусиловскийдің «Піл мен Қанден» туындысы, Дж.Россинидің «Мысықтар» дуэті, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан қуыршақ Олимпияның шумақтары және т.б. енгізілді.
«Астана Опера» театрының солистері мен симфониялық оркестрінің музыканттары балалар үшін керемет музыка әлемінің есігі айқара ашылатын осынау тамаша мерекеде қуана-қуана өнер көрсеткендерін айтты.
Концертке танымал вокалистер Айзада Қапонова, Әсем Сембина, Елена Ганжа, Ержан Саипов және басқа да керемет әншілер, сондай-ақ аспапшылар – «Астана Опера» симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов, Дәулет Шәкіров (виолончель), Әйгерім Дәуітбаева (флейта), Иосиф Лаухнер (туба), концертмейстер Раушан Бескембирова қатысты.
Жас тыңдармандарды Эдвард Григтің музыкасына «Пер Гюнттің саяхаты» пьесасынан «Тау патшасының үңгірі» – Тролль патшалығы атты атақты үзіндіні орындаған «КВИКОНТЕ» үрлемелі аспаптар квинтеті қуантты.
Еске салар болсақ, театрдағы барлық іс-шаралар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтуде. Концерттер барлық санитариялық нормаларды сақтаумен өткізілді, оған 50 баладан топтастырылып екі топқа бөлінген 100 бала келді. Жас көрермендер сағат 12:00-де және 14:00-де әртістердің шығармашылығын бағалай алды.