Орталық Азия ғылыми форумы коронавирустық қайта өрлеу жағдайындағы тұрақты дамуды талқылады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Орталық Азия ғылыми форумы коронавирустық қайта өрлеу жағдайындағы тұрақты дамуды талқылады
ашық дереккөз

Форумды жыл сайын Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығы (Қауымдастық) Нұрсұлтан Назарбаев Қорының және Ұлыбританиядағы Қазақстанның Елшілігінің қолдауымен өткізіп келеді. Қауымдастықтың тәлімгері Қазақстан Елшісі Ерлан Ыдырысов «Орталық Азиядағы тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік және ынтымақтастық» тақырыбына арналған форумның бірінші сессиясын ашып берді. Ол коронавирустық пандемиямен күресте ғылым мен инновацияның іргелі рөліне, сондай-ақ денсаулық сақтау және климаттың өзгеруі мәселелерінің ерекше маңыздылығы мен өзектілігіне тоқтады. Е.Ыдырысов осы тұрғыда адами капитал Қазақстанның ең құнды ресурсы, ал Қауымдастық – Қазақстанның 130-дан астам ғалымдарын, Ұлыбритания, Австралия, Гонконг, Канада және АҚШ-тың жетекші университеттерінің студенттері мен түлектерін біріктіретін сапалы зияткерлік платформа екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қауымдастықтың алдына қойған мақсаттары мен міндеттері ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадрлық әлеуетті дамыту және еліміздің экономикасына тиімді инновациялық және технологиялық үлестерін арттыру саласындағы стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді. Сессияға сондай-ақ Орталық Азиядағы даму институттарының басшылары, бизнес пен мемлекеттік органдардың көрнекті өкілдері қатысты. Спикерлер қатарында Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Қазақстандағы Британ Кеңесінің директоры Эрик Лори, Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) ректоры Кенжебек Ибрашев, «GEC Consulting» серіктесі Шыңғыс Қанапьянов, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Тұрақты инфрақұрылым тобы директорының орынбасары Григорий Савва, Азия даму банкінің экономика жөніндегі директоры Генадий Рау, Лафборо университеті проректорының орынбасары Элизабет Пил, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Дизен, «Seedstars Nabu Ltd» басқарушы серіктесі Серік Шәкәрім және т.б. болды. «Пандемия бүкіл әлем бойынша ТДМ-ға қол жеткізу жолында жинақтаған прогреске айтарлықтай зиян келтірді. Бізге жоғалған нәрсені қалпына келтіру және алға жылжу үшін инновациялар, зерттеулер, жаңа тәсілдер мен соны идеялар қажет», – деп атап өтті М.Фриберг-Стори. Осыған байланысты ең маңыздысы өзара іс-қимылдың барлық деңгейлерінде ғылым мен инновацияға назар аудара отырып, серіктестік желіні кеңейту және дамыту болып табылатынын да қоса айтты. Э.Лори форумның қазақстандық ғалымдардың әлемдік ғылыми қауымдастықпен өзара іс-қимылы тұрғысынан маңыздылығына тоқтап, аталған іс-шараның тек ғалымдар үшін ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және жалпы Орталық Азия өңірінің инновациялық дамуы үшін де пайдалы екенін мәлімдеді. Г.Рау өз кезегінде, Қазақстанның инновациялық және ғылыми даму қажеттілігі туралы, оның ішінде ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін, әсіресе, коронавирустан кейінгі кезеңде арттыру үшін осы саланы қаржыландыруды ұлғайту қажеттілігі туралы айтты. «Біз жас ғалымдардың ғылыми зерттемелерін үш бағытта жайғастырудағы эволюцияны байқап отырмыз: жобаның тұрақты моделін құру мақсатында монетизациялаудың жаңа моделі, барлық стейкхолдерлер мен қолдау институттарына қызықты болатын құндылық ұсынысының нақты формуласын айқындау, сондай-ақ корпоративті секторда да, мемлекеттік органдарда да инновациялық менеджерлер түрінде кадрлық әлеуетті даярлау», – деп атап өтті сессия модераторы және Қауымдастықтың инновациялық командасының жетекшісі Данияр Медетов. Қауымдастық президенті Әлия Сембаева қазақстандық жас ғалымдардың ҚР инновациялық экожүйесін дамытуға тікелей ғылыми-талдамалық және сараптамалық көмек көрсетуге дайындығын атап өтті. Сол көмекті өнеркәсіптік сектордың Индустрия 4.0-ге көшіру және «жасыл» экономиканы дамыту бойынша міндеттерді шешу үшін ҒЗТКЖ, оқыту және корпоративтік инновацияларды енгізу арқылы көрсетуге болады деп айтты. С.Шәкәрім Қазақстандағы табысты ғылыми стартаптардың мысалдарын келтіріп, қазақстандық ғалымдардың озық зерттеу жобаларын іске асыруға жәрдемдесуге дайын екендігін жеткізді. Форум сессиялары ҚБТУ және «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркінің алаңдарында «ой-талқы» форматында өңірде инновациялық экожүйені дамыту бойынша бірлескен стратегия құру мақсатында өтіп жатыр. Форум – Орталық Азияның жас талантты зерттеушілеріне нәтижелі талқылау, ынтымақтастықты жолға қою және кейіннен практикалық іске асыру үшін тұрақты даму бойынша өздерінің алдыңғы қатарлы зерттеу жобаларын ұсынуға мүмкіндік беретін бірегей платформа. Форум аясында алда өтетін пікірталастарда Орталық Азия қалаларына лайық COVID-19-дан кейін басқарудың жаңа тәсілдерін іздестіру, корпоративті инновациялар, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, Орталық Азиядағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы саласындағы нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу және т.б. тақырыптар қозғалатын болады.