Бала асырап алу: талабы мен қиындығы
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Бала асырап алу: талабы мен қиындығы](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172115859332650974.webp)
Жыл өткен сайын елордада бала асырап алу саны азайып барады. Мамандар бұл жайтты қалалық интернат мекемелерінде бүлдіршіндер санының айтарлықтай азаюымен байланыстырып отыр. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында бала асыраушы отбасы алғаш рет тіркелді. Оның ерекшелігі неде? Асырап алу қаншалықты оңай? Мұндай қадамға барған ата-аналар қандай қиындықтарға тап болады және балалармен байланысты қалай орнатады? Осы мәселелер жайлы Елорда Инфо тілшісі астаналық Білім басқармасының қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің басшысы Гүлім Жүсіповамен сұхбат барысында талқылады.
– Гүлім Асхатқызы, астанада ата-анасының қамқорлығынан айырылған қанша жетім бала бар? Олардың бәрі интернат мекемелерінде тұрып жатыр ма?
– Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 876 жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған бала бар. Олардың ішінде 176 бала интернат мекемелерде тұрады, қалғаны қамқоршыларының немесе патронат тәрбиешілерінің қолында. Бізде әке-шешесі қайтыс болған немесе ата-ана құқығынан айырылған отбасылардың балалары туысқандарының қамқорлығында тұрып жатыр. Олар балалар үйіне түспес үшін туысқандары қамқорлығына алды. Бұдан бөлек, патронаттық тәрбие деген бар. Бұл балаларды патронаттық тәрбиеге алған кезде айтылады, өйткені олар асырап алуға жатпайды. Себебі олардың ата-аналары әлі тірі, аға-інілері мен апа-сіңлілері бар немесе патронат тәрбиешісі асырап алуға дайын емес. Бала бұл отбасымен бірге тұрады, ал оларға жәрдемақы төленеді.
– Сұхбатымыздың басында сіз елордада бала асыраушы отбасы алғаш тіркелгенін қозғадыңыз. Оның дәстүрлі түрінен айырмашылығы қандай?
– Иә, биыл қаңтар айында алғашқы бала асыраушы отбасын құру мүмкін болды. Айгүл Сейілова Омарқызының отбасында 4 бала бар. Оның біреуі өзге өңірден асырап алынған, ал қалған үшеуі – біздің Балаларды қолдау орталығының өмірлік қиын жағдайда қалған бүлдіршіндері. Орналастырудың бұл да бір жақсы түрі. Асыранды отбасы – шағын балалар үйі іспеттес. Бірақ ол жерде бір әйел адам санаулы балаға аналық мейірімін бөлуі керек. Бұл баланың үлкен өмірге бейімделіп кетуі үшін жасалып отыр. Қанша дегенмен интернатта олардың қарны тоқ, көйлегі көк, ал тазалыққа тәрбиешілері жауапты. Осындай жағдайдан соң уақыты келіп, интернаттан шыққан кезде үлкен өмірге дайын болмай жатады.
Бала асыраушы отбасы түсінігі заңда бұрыннан бекітілген. Осыған дейін бізбен жұмыс істегендер асыраушы отбасын құруға дайын болмады. Ал Айгүл Омарқызы патронаттық тәрбиеші ретінде бір баладан бастап, кейіннен екі баланы мейіріміне алды. Ол бәрімен тез тіл табысып кетті. Балалар оны мама деп атап, өздеріне жақын тартты. Патронаттықтан асыраушы отбасыға айналды. Жәрдемақыда да айырмашылық бар. Жақындарының қамқорлығында қалған болса жәрдемақы қамқоршыларына беріледі. Патронат тәрбиешілерге баланы бағуға арналған жәрдемақы беріледі және тәрбиешіге жеке жалақы төленеді. Асыраушы отбасында да жәрдемақы төленеді, бірақ оның көлемі білімі мен жұмыс өтіліне байланысты болады.
– Асыраушы отбасын құрғысы келген адамға қандай талаптар қойылады?
– Ол адам психоневрологиялық диспансерде, наркологияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған болуы тиіс. Оның жалдап тұрып жатқан немесе меншігінде тұрғын үйі және тұрақты табысы болуы тиіс. Біз сондай-ақ тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексереміз. Қазір жүйе бұрынғыдан жеңілдетілді. Ең бастысы баланы асырап алуға, оған отбасылық махаббатын беруге деген ниеті болуы керек.
– Баланы асырауға алып, алайда көп ұзамай интернатқа қайтарып берген жағдайлар кездесе ме?
– Мұндай проблема елімізде жоқ емес. Біздің қаламызда да баланы асырауға алып, артынан интернатқа қайтарып беріп жатқандар кездеседі. Бала жетімдік азабын екінші рет тартады. Мұндай оқиға көп деп айта алмаймын, бірақ жекелеген жайттар болады. 10-12 жастағы балалар өз отбасында әке-шешесінің ортасында жүріп-ақ тиісті көңіл бөлінбей, психологиялық қиындық көргендері де бар. Патронаттық тәрбиеші бала асырағысы келгенмен, кейбір қиындықтарға төтеп бере алмайды.
Патронаттық тәрбиеге дейін бізде қонақ ретінде келу үлгісі бар. Яғни, бала асырап алудан үмітті адам алдымен бүлдіршінге қонақ ретінде келеді. Біз онымен тиісті келісімшартқа отырамыз. Ол демалыс күндері баланы алып кетіп, бір-біріне үйренісу үшін жеке кездеседі. Олардың көңілінде баланың байсалдылығы, тілалғыштығы жайлы жақсы ой қалады. Екеуі бірге өмір сүре бастағанда барып, баланың қиындықтары шыға бастайды. Ал жаңадан ата-ана болғандар мұндай проблемаға дайын болмай шығады. Ол баланы өзінен күштеп алыстатып, «Оның нашар оқитын білмедім, ұрлық та жасайды екен. Ылғи қашып жүреді, тілімді алмайды» деген сынды шағымдар айта бастайды.
Біз ылғи да болашақ асыраушыларға, патронаттық тәрбиешілерге осыған ұқсас кездесетін қиындықтарды шешу жолдары үйретілетін асыраушы отбасы мектебінен өтуге кеңес береміз. Бірақ бәрі бірдей бұл кеңесімізге жүгінбейді. Енді 1 шілдеден бастап бұл курстарды өту міндетті шарт болып енгізілетін болды. Үміткер құжат тапсырып, бала асыраудан бұрын асыраушылар мектебінен өтуі тиіс. Тиісінше оған арнайы сертификат беріліп, құжат тапсыру кезінде міндетті бөліктерінің бірі болады.
– Бала асырап алуға үміткер ретінде тіркелу үшін тағы қандай құжаттар талап етіледі?
– Оған да асыраушы отбасын құрушыларға қойылатын міндетті құжаттар жинау артылады. Міндетті түрде сотталмағаны, иелігінде немесе жалдамалы баспанасы бар екені, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен форма бойынша медициналық тексерістен өткені туралы анықтама. Бұған қоса жалақысы да ескеріледі. Тағы қайталап айтарым, асыраушы ата-ана мектебінен өтуі де міндетті шарт болып есептеледі.
Бізге ата-анасымен бірге тұратын, өміржолы дұрыс арнаға түспеген жалғызбасты қыздар немесе әйел адамдар бала асырап алғысы келіп, жүгініп жатады. Толық емес отбасы бұл ниетіне тосқауыл бола алмайды. Бізде міндетті түрде некеде болуы керек деген шарт жоқ. Тұрмыстағы емес аналар да, ажырасқан әйелдер де үміткер ретінде тіркеліп, бала асырап ала алады. Бастысы баланың тәрбиесі мен дамуына қажетті жағдай болуы керек. Осы жылдың 5 айында бізде 6 бала асырап алынды. Олардың бәрі – 4 жасқа дейінгі бүлдіршіндер.
Жыл өткен сайын бала асырап алу саны азайып бара жатқанын ерекше айтып өткім келеді. Мәселен, 2016 жылы 72 бала болса, былтыр интернат мекемелерінен 34 бүлдіршін асырап алынды. Бұл интернат мекемелеріне балалардың аз түсуінің белгісі. Қазір бізде асырап алғысы келетін үміткерлердің тізімі балалардан көп.
– Қажет құжаттар жиналғаннан кейін үміткерлер не істеуі керек? Олардың арасында жекелеген санаттарына қандай да бір басымдық беріле ме?
– Бізде жалғыз ғана республикалық база бар. Асыраушы ретінде тіркелген үміткерлердің базаға кіруіне логин мен пароль беріледі. Ол жерде Нұр-Сұлтанның ғана емес еліміздің өзге өңірлеріндегі балаларды көре алады. Үміткер өз кезегінде бала асырап алғысы келетін интернатты таңдайды. Ары қарай оған асырап алуға жататын балалардың тізімі мен оларға қатысты барлық мәлімет беріледі. Өзіне ұнаған баланы таңдап, онымен кездесу уақытын белгілейді. Басымдық ешкімге берілмейді, бәріне бірдей талап қойылады. Бір балаға бірнеше үміткер кездесу ұйымдастыратын сәттер кездеседі. Тиісінше базада кездесу белгісін кім бірінші басса, сол адам баланы бірінші болып көре алады. Ол баламен кездесу өткізе бастайды. Үміткердің психологиялық байланысы оянып, баланы алғысы келетінін сезер болса, тиісті құжаттар дайындалады. Сол сияқты үміткердің дайын болмай, кездесуден кейін бас тартатын жайттар да кездеседі. Осыдан кейін барып бұл хұқық базада кездесу белгісін басқан екінші адамға беріледі.
– Есейіп қалған балалар мен бүлдіршіндердің қайсысы көбірек асырап алынып жатады?
– Заңнамаға сәйкес ағайындылар мен әпкелі-сіңлілерді бөлуге болмайды. Талап бойынша асырап алғысы келетіндер олардың бәрін бірдей алуы керек. Біздегі интернат мекемелерде тұратын есейіп қалған балалар негізінен көпбалалы отбасылардан шыққан. Олардың саны 3-4 немесе одан да көп болып жатады. Үміткерлер олардың бәрін асырап алуға дайын болмайды. Сол себепті ересек балаларды сирек асырап алады. Заң бойынша 10 жасқа толған бала өзінің ойын айтуы тиіс. Асырап алғысы келетіндер мысалы 8 жастағы баланы жоспарлауы мүмкін, ал оның 10-12 жастағы бауыры бар. Егер бала бұл отбасыға барғысы келмесе біз оны қинай алмаймыз. Бәрі баланың еркі бойынша жасалады. Негізінен 2-3 жастағы бүлдіршінді жиі асырап алады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)