Астанада ATP 250 Astana Open сериясындағы турнир өтуде

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада ATP 250 Astana Open сериясындағы турнир өтуде
ашық дереккөз

Жарыс қарсаңында жеребе тарту рәсімі мен іріктеу ойындары өтіп, 32 қатысушыдан құралған жарыс кестесі әзірленді. Турнирдің алғашқы раунды бүгін Ұлттық теннис орталығының барлық корттарында өтеді. Дүбірлі додаға қазақстандық спортшылар да қатысады: турнир рейтингінде алтыншы сатыда тұрған Александр Бублик, Дэвис кубогындағы Қазақстан құрамасының мүшесі Михаил Кукушкин, сондай-ақ ұйымдастырушылардан уайлд-карт иеленген Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов. Astana Оpen қатысушылары арасында Бенуа Пэр (әлемнің 27-ракеткасы), Миомир Кецманович (39), Адриан Маннарино (41), Джон Миллман (44), Теннис Сандгрен (48), Фернандо Вердаско, Френсис Тиафо және т.б. теннисшілер бар. "Astana open ресми бастау алды. Бұған дейін күрделі ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Біз ATP турнирінің елімізде өтуіне бірнеше жыл ат салыстық. Осы спорт түрінің барша жанкүйеріне турнир ұмытылмас әсер қалдырады, қатысушылар әлемдік рейтингтегі орнын жақсартады, ал турнир Қазақстан жерінде жиі өтеді дегенге сенгіміз келеді", - деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский. Турнир финалы Ұлттық теннис орталығында 1 қарашада өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры - 275 мың доллар. Матчтарда коронавирустық пандемияға байланысты қатаң қауіпсіздік шаралары сақталған. Барлық ойындар көрерменсіз өтеді. Матчтар тікелей эфирде QAZSPORT телеарнасы, ал шетелдік көрсетілім Eurosport арнасы арқылы таратылады.