Бақытбек Смағұлдың үш томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Бақытбек Смағұлдың үш томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті
ашық дереккөз

Автордың жаңа шығармалар жинағының негізгі тақырыбы – ерлікті ту еткен қазақ батырларының өмірі. Кітаптар қазақ, орыс тілдерінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сардар» баспа үйінде басылып шықты. Жинақтың бірінші томында Ұлы Отан соғысының майдангері Бауыржан ­Момышұлына қатысты тың зерттеулер жасалып, аты аңызға айналған батырдың өмір белестері баяндалады. Автор екінші томда Ауған соғысының батыры, қайсарлығына қарай «Қара майор» атанып кеткен Борис Керімбаевтың ерен ерлігі мен асқақ бейнесін талдай отырып, соғыс пен бейбітшілік жайлы өз пайымдарын ортаға салады. Үшінші том «Үш қырлы жебе» деген атаумен біріктірілген. Мұнда Ауған соғысында батылдығымен көзге түскен Байғали Қоқымбаев, Әлімжан Ерниязов және Габиль Халафов сынды оқ пен отты кешкен қарулас ағаларының ерлігін суреттеген. Тұсаукесер кешке қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов, сенатор Дана Нұржігіт, атақты ауыр атлет, әлем чемпионы Илья Ильин мен Кеңес Одағының батыры Николай ­Кремениш ­қатысып, кітап кейіпкерлері мен авторға ыстық ықыластарын жеткізді. Сондай-ақ «Әкелер одағы» бірлестігі, «Сағадат батыр» спорт клубы, «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалыс өкілдері, өңірлік кітапханалар ұжымдары онлайн режимде қосылды.

Көктем ҚАРҚЫН