Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Astana» телеарнасына тікелей эфирде сұхбат берді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Astana» телеарнасына тікелей эфирде сұхбат берді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172115318023809281.webp)
Қосымша ИВЛ аппараттар сатып алдық. Қазір қолымызда 480-нен астам аппарат бар. Қосымша компьютерлік тамография сатып алдық. Жаңадан 7 цифрлық рентген аппаратын қолданысқа енгіздік. Бұдан бөлек, оттегі концентратын сатып алдық. Сол сияқты ауаны ылғалдаушы аппаратын алдық.
***
Фармацевтикалық дистрибьюция компанияларымен тығыз жұмыс істеп жатыр. Біз 1 млрд 600 млн теңге қаржыны олардың COVID-19 инфекциясымен күресуге қажет дәрі-дәрмектерді сатып алуына бөлдік.
***
Кәсіпкерлік қазіргі эпидахуалға, карантинге бейімделіп қалды. Бірақ, әрине, бұл оңайға соқпады. Қазіргі таңда кәсіпкерлер жағдайға байланысты онлайн жұмыс жүргізу форматына ауысып жатыр. Бұл да жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
***
Біз қазір ауруханаларға қажет заманауи төсек-орындар сатып алдық. Бұған қоса, ПТР тестін анықтайтын лабораториялар санын арттырдық. Бастапқы уақытта тест нәтижесін анықтау үшін бірнеше күн қажет болатын, мамандарымыз да тәжірибелі емес еді. Қазір қажет деңгейде тәжірибе жинап, білім алды. Колледждің 300-ге тарта, сол сияқты 200-ден аса медициналық университеттердің түлектерін жұмысқа қабылдадық.
***
Медицина саласының студенттері резидентурада оқуы үшін 500 млн теңге көлемінде гранттар бөлінді. Оқып жүріп, біздің клиникаларда жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап отырмыз.
***
Дәрігерлер COVID-19 инфекциясының салдары барын айтып жатыр. Індет өкпеге ғана кері әсер етіп қоймай, жүрек-тамыр жүйесіне, иммунды жүйеге әсер етеді. Жалпы адам ағзасына кері әсер етеді.
***
Пандемия уақытында алдымен әуежайларға тексерісті күшейттік. Келген жолаушыларды провизорлық стационарларға жатқыздық. Тест жасап барып, үйлеріне жібердік. Көп ұзамай ұшақтардың ұшуына тыйым салдық. Осындай шектеу шаралары жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізді.
***
Коронавирус инфекциясымен ауырған науқастардың кейбірі енді ауру жұқпайды деп ойлап, сақтанбайтын сияқты. Алайда екінші рет вирус жұқтырмайды деген кепілдік жоқ. Мысалы, жақында ғана Голландияда екінші рет вирус жұқтырған әйел адам қайтыс болды. Демек, керісінше, екінші рет вирус жұқтырған науқастың жағдайы ауыр болуы мүмкін. Сондықтан бетперде тағып, барлық санитарлық талапты сақтап, барынша қорғанып жүру керек.
***
Әуежайдағы тексерісті қайта күшейткелі бері бүгінгі күнді есепке алмағанда шетелден ұшып келген 1 300 жолаушы стационарлардан өтті. Соның нәтижесінде коронавирус жұқтырған екі науқас анықталды. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында. Бұл тексеріс жүрмегенде індет қаламызда тарала берер еді. Ал ПТР сынамасының нәтижесі жоқ шетелдік азаматтар өз елдеріне кері қайтарылды. Бұл өте маңызды жұмыс.
***
Тұрғындардың өтінішіне үнемі мониторинг жүргізіп, кері байланысты күшейтуге тырысамыз. Карантин кезінде барлық спорт залдар жабық болды. Сол себепті де қоғамдық кеңістіктерге сұраныс артты. Дәрігерлер де азаматтарға таза ауада жүруге кеңес береді. Қазіргі күзгі уақытта да адамдар саябақтарға барады. Сондықтан биылғы жаздан бері елордадағы 50-ден аса қоғамдық кеңістік пен 150-ден аса аула абаттандырылды.
***
Карантин кезіндегі көлік қозғалысының азайғанын пайдаланып, кейбір жолдар жөнделді. Жарық диодты 10 мың шам ауыстырылды. Кейбір көшеге жарық орнатылды. Жалпы, "Нұр-Сұлтан – жайлы қала" мастер-жоспарына сәйкес, тұрғындар мен туристерге жайлы болуы үшін көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады.
***
Қазақстан әлемнің көптеген елдерінің арасында қауіп-қатер индексінің көрсеткіші бойынша ең төменгі орында тұр. Бұл көрсеткіш интернет арқылы мониторинг жүргізіліп, бақыланып отырады. Тағы бір айтарым, коронавирус инфекциясынан емделіп шыққандар індетке қарсы антидене бар екенін айтып жатыр. Ал дәрігерлер инфекцияның салдарын айтып, мүлдем басқа пікір білдіріп жатыр.
***
Қашықтан білім беру – амалсыздан болып жатқан процесс. Өйткені педагогтың оқушылардың бетпе-бет кездесуін ештеңе алмастыра алмайды. Дәстүрлі білім берудің сапасы да анағұрлым жақсырақ екені белгілі. Алайда ертең-бүрсігүні дәстүрлі білім беруге қайта көшеміз деп айта алмаймыз. Дегенмен қазіргі уақытта кезекші сыныптардағы 40 мың елордалық оқушы офлайн білім алып жатыр. 10 оқушының ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен. Оның екеуі мектепке барып білім алғандар болып шықты. Ол кезекші топтар бірден карантинге жабылды. Ал қалған сегізі – қашықтан білім алып жатқандар. Олар отбасы мүшелерінен немесе адам көп жиналатын орындарға барып, вирус жұқтыруы мүмкін. Сондықтан әлі де қауіп сейілген жоқ.
***
Біз 100 электро автобус сатып алдық. Келер жылдың басында тағы 100 осындай автобус жеткізіледі. Осылайша ақырындап экологиялық тиімді көлік құралдарына көшуіміз керек.
***
Бұған дейін онлайн білім беру тек біліктілігін арттыру үшін қолданылатын еді. Жаппай оқушылардың қашықтан білім алуы қолданыстағы тәжірибеде болмаған. Дегенмен бұл сыннан мұғалімдер де үлкен тәжірибе жинады. Оқушылар да бейімделді. Бастапқыда біршама мәселелер болған. Қазіргі уақытта оның бәрі реттеліп келеді. Алайда мұның бәрі – уақытша процесс.
***
Елорданың экологиясы туралы сөз қозғалғанда біз астана маңындағы жасыл белдеу туралы ұмытпауымыз керек. Бұл Елбасының өз уақытында қабылдаған маңызды шешімінің бірі болды. Елорданың маңайындағы 100 мың гектарда «жеңіл қалалар» орналасқан. Олардың 15 мыңы біздің территориямызда орналасқан. Жыл сайын біздің аумағымыз үлкейіп барады.
***
Бұрын бір ағаш кессең, орнына бес ағаш егу міндеттелсе, қазір бір ағашты кескен адам он ағаш егуі қажеттігі туралы шешім қабылдадық. Қаланың көгалдануына көп көңіл бөлуіміз керек. Талдыкөл, Майбалық көлдері маңайы рекреациялық аймақ ретінде жобаланып отыр. Тұрғындарымыз үшін жақын жерлерде қоғамдық кеңістіктер болуы керек.
***
Биыл жылыту маусымы ерте, алғашқы суық сезілген кезде-ақ, яғни 23 қыркүйектен басталды. Ең алдымен жылу балабақша, аурухана, мектеп сияқты әлеуметтік нысандар, одан кейін өтінім бойынша тұрғын үйлерге берілді. Газбен жылыту да біртіндеп іске қосылып жатыр. Жекеменшік үйлерге есептегіш құралдарын орнатуды жергілікті билік өз міндетіне алды. Айта кетсек, газдандыру жобасы Елбасының бастамасымен жүзеге асырылуда.
![Елордалық әкелер одағы ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсетеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173919538225400543.webp)
![Елордадан бір түнде 26 мың текше метр қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173918064015040259.webp)
![Астаналық ұстаз пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында алтын медаль алды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173917557236848047.webp)
![«Таза Қазақстан»: Елордада «Менің аулам» челленджі басталды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173916829040935544.webp)