«Астана Опера» театры қазан айында өтетін концерттерді жариялады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Астана Опера» театры қазан айында өтетін концерттерді жариялады
ашық дереккөз

9 қазан күні сағат 19.00-де көрнекті отандық композиторлар Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойларына арналған «Жүрегім менің» өтеді. Олардың әндері кең танымалдылыққа ие, тіпті шын мәнінде халық әндері болып кетті. Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов пен қазақ ән жанрының кемеңгері Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары музыка мәдениетінің алтын қорына енді. Бұл кеште қазақстандық өнер қайраткерлерінің елдің сүйіп тыңдайтын, жанға жақын әндері «Астана Операның» керемет вокалистері, солистері Дина Хамзина, Азамат Жылтыркөзов, Жанат Шыбықбаев, Альфия Каримова, Айзада Қапонова, Талғат Ғалеев, Мейі Байнеш, Бибігүл Жанұзақ, Мәдина Исламова, Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская, Бейімбет Таңарықов, Болат Есімханов, Әсем Сембина, Назым Сағынтай, Рамзат Балакишиев, Ержан Сайыпов, Шыңғыс Расылхан, Ғалия Байғазинова, Ерұлан Кәмел, Нарұл Тойкеновтің орындауында шырқалады. Бағдарламада Dolce скрипкашылар ансамблінің, сондай-ақ «Астана Опера» театрлық балалар студиясының жас әртістерінің шығармашылығы ұсынылады, жетекшісі – Алтынғаным Ахметова. Концертмейстерлер – Раушан Бескембирова, Жанар Ахметова, Ирина Кургузкина. 11 қазан күні сағат 12:00-де балаларға арналған «Ішекті аспаптар отбасы» концерті өтеді. «Театрға саяхат» топтамасынан аталмыш бағдарлама орыс тілінде ұсынылмақ. Концертте музыка, жүргізушінің сөзі, жұмбақтар мен танымдық бейнеқатар бір арнаға тоғысқан. «Астана Опера» оркестрінің әртістері мен музыкатанушы Сәуле Мәулетова ең жас тыңдармандарымызды ішекті аспаптармен, оның үнімен және ұлы композиторлардың шығармаларымен таныстырады. 13 қазан күні сағат 19.00-де елордалық әнқұмар қауым назарына «Қазақконцерт шақырады» топтамасынан ұлы композитордың 250 жылдығына арналған «Бетховенге тарту» концерті ұсынылмақ. Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті мынадай құраммен өнер көрсетеді: Айдар Тоқталиев (1-скрипка), Алексей Лебедев (2-скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель). Музыкалық кеш осы жылдың ақпан айында бастау алған концерттер сериясын жалғастырмақ, музыканттардың мақсаты неміс классигінің түгелдей 16 квартетін орындау. Осы жолы тыңдарман қауым назарына №6 Ішекті аспаптар квартеті ор.18, №15 Ішекті аспаптар квартеті ор.132 («Қаһармандық») ұсынылады. 16 қазан күні сағат 19.00-де «Астана Операның» жаңа есімдері» атты концертте театрымыздың талантты жас солистері, көптеген беделді халықаралық байқаулардың лауреаттары өз өнерлерін көрсетеді. Бұл әртістердің есімдері қойылымдардағы және түрлі концерттік бағдарламалардағы есте қаларлықтай өнерлерімен елордалық көрермендерге таныс болып үлгерген. Сопрано дауысты Назым Сағынтайдың орындауында Дж.Вердидің «Трубадур» операсынан Леонораның ариясын, Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсынан Чио-Чио-санның ариясын тыңдайтын боласыздар, меццо-сопрано Малика Минизини тыңдармандарға П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Ольганың ариясын және Ш.Гуноның «Фауст» операсынан Зибельдің ариясын ұсынады. Тенор Рамзат Балакишиев Ж.Массненің «Вертер» операсынан Вертердің ариозосын және К.Пеполидің өлеңіне жазылған Дж.Россинидің Неополитан тарантелласын, баритон Ержан Сайыпов – В.А.Моцарттың осы аттас операсынан Дон Жуанның ариясын, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Онегиннің ариясын, ал бас дауысты Шыңғыс Расылхан қазақтың халық әні «Қараторғай», Дж. Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Дон Базилионың ариясын орындайды. Сондай-ақ Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсынан Малатеста мен Дон Паскуаленің, Дж.Пуччинидің «Богема» операсынан Рудольф пен Мимидің жарқын дуэттері музыкалық кештің әрін кіргізетін болады, Э. де Куртистің «Ti voglio tanto bene», Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Баркарола, «Дни Турбиных» телефильмінен В. Баснердің «Белой акации гроздья душистые» және А.Жұбанов пен Л.Хамидидің ұлттық «Абай» операсынан атақты «Тойбастар» орындалады. Концертмейстері – Раушан Бескембирова. 18 қазан күні сағат 12:00-де театрымыздың жас көрермендеріне «Театрға саяхат» топтамасынан қазақ тілінде «Түрлі дауыстар әлемі» атты балаларға арналған концерт ұсынылады. Балаларды опера дауыстарымен таныстыруды музыкатанушы Төлеген Назарбеков, театрдың танымал солистері, сондай-ақ «Астана Опера» театры балалар студиясының хоры, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова өткізеді. Фортепиано партиясын – Раушан Бескембирова орындайды. Концерт бағдарламасында опералық дауыстардың барлық түрі сопранодан басқа дейін қызықты етіп әңгімеленетін болады. Классикалық вокалдық шығармалардан танымал ариялар мен дуэттер орындалады. Балалар аудиториясына арналған концерттік бағдарламаларды балаларды музыкалық классикаға баулудың, тәрбиелеудің маңызды бөлігі ретінде театр музыкатанушылары мұқият әзірлеген болатын.