«TURAN» ансамблінің карантин шараларын қолдайтын челенджі желіде танымал бола бастады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«TURAN» ансамблінің карантин шараларын қолдайтын челенджі желіде танымал бола бастады
ашық дереккөз

Қазақстандық "TURAN" этно-фольклорлық ансамблі коронавируспен күресіп жатқан елдердегі карантин шараларын қолдап  халықаралық онлайн челендж ұйымдастырған болатын. Челендж аз уақыт ішінде танымал бола бастады, деп хабарлайды Елорда Инфо. Бүгінгі күні аталған челенджді қазақстандық өнерпаздармен қатар, Якутия, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Италия, Қытай, Украина, Моңғолия, Әзірбайжан, Непал, Тайвань, Жапония, Канада және т.б. елдердегі өнерпаздар қолдады. Халықаралық деңгейдегі бұл онлайн челендждің бірінде адамдарды ауызбіршілікке, сабырлылыққа шақыру Италияндық музыкантпен жасалған импровизацияда көрініс тапқан. "TURAN" тобының өнерпаздары  Италияның дарынды өнерпазы, композитор Luca Longobardi-мен бірігіп қазіргі қиын кезеңдегі екі халықтың ынтымағын, сенімін сипаттайтын шығармашылық импровизация жасады.  Композиция фортепианода, қазақтың сыбызғы, қылқобыз, домбыра, шаңқобыз сияқты  ұлттық музыкалық  аспаптарында орындалған. "Адамзаттың басына түскен қазіргі қиын уақытта адами қасиеттерімізді сақтап, ауызбіршілігіміз бен жанашырлығымызды ұмытпауымыз қажет!  Адамзатты қиын-қыстау заман кезінде  өмірге деген құштарлығы,  жақынына деген сезімі мен жақсылыққа деген сенімі құтқарып отырған. Кез келген жағдайда бірін-бірі қолдап, жарқын, әрі сәтті болашаққа деген нық сеніммен өмір сүрген. Біздің достарымыз, Италия халқы қазіргі өткеріп жатқан аса қиын жағдайға қарамастан  көңілді көтеріңкі ұстап, бақытты болашаққа деген үмітті үзбеуге шақырады" - деп "TURAN" тобының музыканттары өздерінің  @turan_ethno_folk инстаграм парақшасында Италия халқына өздерінің жылы сөздерімен қолдау көрсетті. Өнерпаздардың біріккен шығармашылық жұмысын көптеген  қазақстандықтар мен  италияндықтар ғаламтор желілерінде жоғары бағалады. Қазіргі жағдай барлығына оңай түспей жатқаны белгілі. Дәл осы кезде бір-біріне осындай қолдау көрсету шаралары халықтардың достастығын, жарқын болашаққа деген сенімін  арттырады. Музыкалық импровизация челенджінің  #covidhomeconcerts #stopcovidconcerts #ensembleturan күнен күнге өрісі кеңеюде.Кезекте бұл шығармашылық ойды қолдап, бөліскелі отырған көп мемлекеттер тұр. Челенджге қатысу ережелерімен #turan_ethno_folk инстаграм парақшасында таныса аласыздар.