Астанада 5 жасар баланың бетін тілгілеп тастады: Аймағамбетов оқиғаға қатысты пікір білдірді

Бүгін, 15:55
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
Астанада 5 жасар баланың бетін тілгілеп тастады: Аймағамбетов оқиғаға қатысты пікір білдірді
Фото: видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елордада 5 жасар баланың бетін тілгілеп тастаған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ҚАМАУҒА АЛУ – ЖАҒДАЙДАН ШЫҒАТЫН ЖОЛ ЕМЕС

«Болған оқиғадан кейін Қазақстан қоғамы дұрыс қорытынды жасауы керек. Психикалық ауытқулары бар адамдарды қамауға алу – бұл жағдайдан шығатын жол емес, керісінше, кешенді тәсіл қажет», - деді депутат.

Аймағамбетовтің айтуынша, бұл бағытта арнайы заң дайындалып жатыр.

ДЕПУТАТ БАСҚА НЕ ДЕДІ

«Біріншіден, қазір қылмыстық іс қозғалды. Екіншіден, мемлекеттік органдар мен Үкімет жұмыс істеп жатыр, мен олардың кешенді шаралар қабылдайтынына сенемін. Себебі бұл мәселені тек қылмыстық қудалау арқылы немесе нақты бір оқиға бойынша шешу мүмкін емес, өйткені ол жүйелі сипатқа ие. Жалпы, осындай мәселелер туралы айтқанда, біз оларды анықтау, бақылау және қолдау көрсету жайында сөз қозғауымыз керек. Егер дамуында, психикалық денсаулығында мәселелері бар балалар туралы айтатын болсақ, өкінішке қарай, статистика олардың саны елімізде жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетіп отыр», - деді Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Бұған дейін дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйі қандай екенін айтқан еді. 

Еске салсақ, кеше елордада жасөспірім кішкентай баланы лифтіде пышақтап тастаған болатын.