00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Асқар Мамин: Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру — Үкіметтің стратегиялық міндеті

14 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Асқар Мамин: Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру — Үкіметтің стратегиялық міндеті
ашық дереккөз

Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Алматы облысының әкімі А.Баталов баяндады. Үкімет басшысы ауыл шаруашылығының барлық қызметкерлеріне пандемия жағдайында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізгені үшін алғыс білдірді, бұл өткен жылғыдан жоғары өнім жинауға мүмкіндік берді. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) болжамдары бойынша Қазақстан АҚШ, Австралия, Бразилия және Аргентинамен қатар әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналу үшін үлкен әлеуетке ие. Мемлекет тарапынан АӨК-ті қолдаудың барлық қажетті шаралары көрсетіледі, субсидиялар беріледі (16 бағыт бойынша субсидиялардың 47 түрі), жеңілдікпен несие беру және салық преференциялары көзделген. 2020 жылдың 8 айында қабылданған шаралардың нәтижесінде азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,4%-ға 54,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Қазақстан ішкі өндіріс есебінен тұтынылатын 29 негізгі азық-түлік тауарларының 23-ін — жеміс-көкөніс, жарма, ұн, ет өнімдері және басқа да өнімдермен қамтамасыз етеді. Өнімнің қалған 6 түрі (алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант және құс еті) бойынша өндірісті ұлғайту үшін 2024 жылға қарай жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын ашу және алма бақтарының алаңдарын ұлғайту жоспарланған. Бұл ҚР-ны отандық өндірістің негізгі азық-түлігімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылатын Ұлттық тауар өткізу жүйесі өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімін сақтау жағдайларын жақсартуға, оның өндірісі мен маусымаралық кезеңде нарықтағы көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ экспортты едәуір арттыруға жол ашады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған Нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 5 трлн-нан астам теңге инвестиция тарта отырып, 380 инвестициялық жоба іске асырылатын болады, бұл азық-түлік тауарларының басым түрлері — ет, балық, жемістер мен көкөністер, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдері бойынша 7 экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді. «Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру – Үкіметтің стратегиялық міндеті», — деп А.Мамин, ҚР АШМ-ге бір ай ішінде Нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі кешенді жоспарды қабылдауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне экология, ұлттық экономика, қаржы министрліктерімен бірлесіп, ішкі нарықта жетіспейтін өнімдер өндірісін мемлекеттік қолдау және ынталандыру шараларын кеңейту мәселелерін пысықтау, бұл ретте балық шаруашылығы саласын дамыту жоспарларын ескеру тапсырылды. Өңірлердің әкімдеріне АӨК-те жоспарланған жобалардың іске асырылуын жеке бақылауға алу және қажетті инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ инвесторлармен шикізаттан бастап экспортқа дейінгі бүкіл тізбек бойынша барлық мәселелерді пысықтау тапсырылды. Сондай-ақ Премьер-Министр қажетті логистиканы қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарда өткізуді ілгерілету жөніндегі шараларды қабылдауды тапсырды.