00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Гауһартас» қойылымын 100 мыңнан астам көрермен тамашалады

24 желтоқсан, 2024
Зарина Сәрсенбайқызы Зарина Сәрсенбайқызы
«Гауһартас» қойылымын 100 мыңнан астам көрермен тамашалады
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Гауһартас» музыкалық драмасын сахналаған бір жыл он айдың ішінде Қазақстан мен Еуразияның театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Спектакльдің әр қойылымы аншлагпен өтіп, бүгінгі таңға дейін 100 мыңнан астам көрермен тамашалады. Қойылым елордадан бөлек Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей және Жаңаөзен  қалаларында және Баянауыл, Ойыл, Сырым, Қаратөбе аудандарында көрсетілді.

Сонымен қатар Астана қаласының Мәскеудегі мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнерінің мектебі» театрында сахналанды.

 «Гауһартас» музыкалық драмасы «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» номинациясы бойынша «Үздік спектакль» атанды.

Сондай-ақ аталған музыкалық драмада Салтанат бейнесін сомдағаны үшін театр актрисасы Инабат Ризабекова республикалық «Сыншылар жүлдесі - 2023» марапаттау кешінде «Жыл актрисасы -2023» жүлдесіне ие болды.        

Қазақстанның өнер, мәдениет және спорт саласындағы үздіктерге берілетін «Qazaqstan Ticketon Awards – 2024» сыйлығы -   Мемлекеттік театрлар арасында «Гауһартас» қойылымын халықтың дауыс беруі нәтижесі бойынша «Жыл спектаклі»  деп танылып, «ТИКЕТОН – 2024» сыйлығының жеңімпазы атанды.

«Гауһартас» музыкалық драмасындағы халықтың «Құдаша» әні мен биі санаулы сағатта әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, жастар арасында трендке айналды. Тіпті, Қытай, Түркия, Ресей еліндегі жастардың бейнежазбасы да кеңінен тарады.

1967 жылы жазылған Д.Исабековтің «Гауһартас» повестінде көтерілген тақырыптар бүгін де өзекті болып қалып отыр.

Қойылым отбасылық құндылықтардың мәнін ашады, сонымен қатар әйелді құрметтеудің маңыздылығын көрсетеді. Қазақтың қарапайым шаңырағының өмірі мен тыныс-тіршілігі арқылы адамдардың жан дүниесін ашып көрсеткен бұл спектакльдің басты идеясы – шаңырақтың бақыты мен махаббатын қызғыштай қорғау.

Айта кетейік, Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 25 желтоқсан күні, сағат 19:00-де Д.Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасының 250-ші көрсетілімін көрермен назарына ұсынады.