Елордада JOLTAP жобасының қорытындысы шығарылды
JOLTAP әлеуметтік жобасының арқасында 9 мыңнан астам Астана тұрғыны біліктілігін арттырып, жұмысқа орналасты, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, елорда әкімдігі мен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылуда.
Жобаға 100 мыңнан астам өтініш түсіп, азаматтардың жоғары қызығушылығын көрсетті. 26 мың адам ақпараттық орталықтардан кеңес алды, ал 9 мыңнан астам адам цифрлық және жұмыс дағдылары бойынша курстарға қатысты. Қатысушылар Астанадағы кәсіпорындарда жұмысқа орналасу немесе жеке кәсіп ашу мүмкіндігіне ие болды.
JOLTAP аясында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 5 мың өтінім беріліп, 3 мың адамға цифрлық көмек көрсетілді. 5 мың адам оқуды аяқтап, қалалық өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жеке кәсіпорындарда жұмысқа орналасты.
Жобаның маңызды бөлігі болып табылатын Jumystap.kz платформасы жұмыс берушілерді білікті мамандармен байланыстырып, кадр тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесін шешуде маңызды рөл атқарады. JOLTAP жобасы алдағы жылы да тұрғындарды оқыту мен қолдауды жалғастырады.