00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Ұшақ Қазақстаннан тыс жерде зақымданған – Вице-премьер Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы

29 желтоқсан, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ұшақ Қазақстаннан тыс жерде зақымданған – Вице-премьер Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы
фото: Kazinform

Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағы Қазақстаннан тыс жерде зақымданған. Бұл туралы Үкіметтік комиссияның жетекшісі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлады Kazinform агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

 

«Қазір алдын ала мәлімет бойынша, сарапшылар ұшақ Қазақстанның әуе кеңістігінен тыс жерде зақымданған деген қорытындыға келіп отыр. Осыған байланысты жедел-тергеу тобы түрлі сараптамалар тағайындады. Бұған дейін сот-медициналық және гистологиялық сараптамалар тағайындалған. Cонымен қатар молекулярлық-генетикалық сараптама тағайындалды», – дейді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, қазір кешенді сот-медициналық, баллистикалық және жарылғыш заттарға сараптама тағайындалды.

«Яғни, қашан жарылыс болды, жарылысқа не себеп болды. Сараптама бізге нақты жауап беруі керек. Сараптама қорытындысы туралы қоғамға – Қазақстанға, әлемге хабарлайтын боламыз. Біз халықаралық ережелер мен нормаларды сақтай отырып, тергеу барысында барлық мән-жай туралы хабарлаймыз, бұл бірінші кезекте Чикаго конвенциясы мен ИКАО нормалары», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаев ұшақ апатында қаза тапқандардың барлығының кім екені әлі анықталмағанын айтты. Қазіргі уақытта генетикалық зерттеулер жүргізіліп жатыр.