Түркістан облысында 56 жастағы азамат әйелін балғамен ұрып өлтірген

Бүгін, 11:39
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views53
Түркістан облысында 56 жастағы азамат әйелін балғамен ұрып өлтірген
Фото: Оңалхан Өнерхан

Түркістан облысында 56 жастағы азамат әйелін балғамен ұрып өлтіріп, артынша өзі көз жұмған, деп хабарлады Elordainfo.kz KTK телеарнасына сілтеме жасап.

Қанды қылмыс Қарамұрт ауылында бес күн бұрын болған. Таңертең ұйқыдан тұрған балалар есіктің алды қанға малынып жатқанын көреді. Сәл әріректен анасының денесін табады. Шошыған балалар көршілері мен туыстарын көмекке шақырыпты. Жедел жәрдем шақырып, абыр-сабыр болған жұрт Ділнараның күйеуін іздейді. Сөйтіп телефон шалғанда ауладағы дәретханадан қоңырау үні естілген. Есігін ашқанда Нуриддин Низамовтың өлі денесін көреді.

Әйелдің денесін жууға кірген туыстары Ділнара Мырхадиеваның басының мылжасы шыққанын айтады.

«Сіңлімді ұрған кезде сүйреген кезде қолының далағын шығарған. Денесінің сау жері жоқ», - деді марқұм әйелдің әпкесі Мухаббат Мырхадиева.

Көршілер түнде әйелдің бір сәт шыңғырған дауысын естігенін айтыпты. Мәйіт шыққан үйден туыстары қанға бөккен балғаны да тапқан.

Сұмдық жағдай Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылында болған. Күйеуінің мұндай қатыгездікке баруына қызғаныш себеп болған көрінеді. Себебі ол қанды қылмыстан кейін телефонына аудиожазба қалдырып кеткен дейді әйелінің туыстары.

 «Балғаның мына жағы денесіне кірген, қан болып тұр. Өз көзіммен көргенім, балғаға шашы жабысып қалған. Күйеубала көз жұмбас бұрын телефонға аудиожазба қалдырып, бұл қадамға қызғаныштан барғанын айтып кеткен. «Мен өз әйеліме қол көтердім» деген. Қалай жұмсағанын айтпаған. Маған біреулер, «неге мынау машинада қатының жүр» деп айтты делінген аудиожазбада. Қызғаныштан болып жатыр ғой», - деді марқұм әйелдің ағасы Мырзакәрім Мырхадиев.

Марқұмдардың артында кәмелетке толмаған төрт бала қалды. Дегенмен бір түнде көз жұмған ерлі-зайыптылар туралы көрші-қолаң жақсы пікірде. Жанжалдасқанын естіген емеспіз деп отыр.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, жергілікті тұрғын үйде жұбайына жарақатын салып, ол қайтыс болған», - деді Түркістан облысының полиция департаменті.

Осы оқиғадан соң ер адам қылмыстың себептерін сипаттайтын аудиожазба қалдырып, өзі де көз жұмған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұл Нуриддин Низамовтың екінші некесі екен. Бірінші әйелінен үш бала қалса, екінші әйелінен төрт бала тұл жетім атанды. Қараусыз қалған балалар қазір оңалту орталығында. Үлкені 13-те, мүгедектігі бар кенжесі небәрі төрт жаста екен. Енді нағашылары жетімдерді «тезірек қолға алсақ» деп отыр.