Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек – Тоқаев

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізуді тапсырды. Сонымен қатар Президент мал шаруашылығының әлеуетін толық танытуға шақырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
– Жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. Біз тек жаппай цифрландыру арқылы экономиканың барлық саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек. Егін және мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін цифрлық тәсілдерді қолдану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жатқанына тоқталды.
– Демек істеліп жатқан әрбір жұмыстың, әрбір шараның нақты нәтижесі болуға тиіс. Бір сөзбен, ауыл шаруашылығына оң ықпал етуі керек. Мемлекет адал жұмыс істейтін диқандарға әрдайым қолдау көрсетеді. Ауыл шаруашылығының жай-күйі менің ерекше бақылауымда, бұл салаға баса мән беремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Сондықтан бірлесе отырып, осы маңызды науқанды уақытында және табысты аяқтаймыз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Қарасу-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағасы Алмат Тұрсынов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Касицин сөз сөйледі.