Алтай Көлгінов ЖЭО-1 газға көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты
«Газдандыруды іске асыру барысы мен үйлерді газға қосу үшін техникалық шарттарды беру "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ пайдаланушы ұйымының өкілдерімен талқыланды. Газбен жабдықтау желілерінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді, желілердің сапалы өткізілуіне бақылауды күшейтуді тапсырдым. Мәселен, Железнодорожный елді-мекенін газбен жабдықтаудың 100% тарату желілері салынды, Промышленный, Көктал-1, Көктал-2 елді-мекендерінде жұмыстар аяқталу сатысында. Бұл жұмыстар Агрогородок пен Оңтүстік-Шығыс елді-мекендерінде жүргізіліп жатыр», делінген қала басшысының instagram желісіндегі парақшасында. Үйлерді газға қосып, техникалық шарттарды алу үшін үш елді-мекенде фронт-кеңселер ашылды. Техникалық шарттарды беру тегін. Сонымен бірге жеке сектордың тұрғындары үшін тегін негізде есептегіштер қарастырылды. «Аралау барысында ЖЭО-1 газға көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен таныстым. Жұмыстар ЖЭО-2 де жүргізіліп жатыр. Биыл ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 бірқатар қазандықтарын газға ауыстырамыз. Сонымен бірге жылу электр орталықтарында жөндеу жұмыстары жүргізілді», деп көрсетті А.Көлгінов. Жылу электр орталықтарының артықшылығы — олар газбен де, мазутпен де, көмірмен де жұмыс істей алады. Газдандыру процесі үш кезеңге бөлінген, бірнеше жыл бойы жүргізіледі. Газдандыру экологияны жақсартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығына жағымды әсер етеді. Сонымен қатар жеке сектор тұрғындарының тұрмыстық қағидаларын жеңілдетеді. Газдандыруды жүргізу ел басшылығының бақылауында.