«50-ден астам ғалым ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңес этносаралық қатынастарға қатысты зерттеу жүргізіп жатыр» – кеңес төрағасы


ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңестің Астана қаласы бойынша төрағасы Тілеген Садықовтың айтуынша, этносаралық қатынастарды жан-жақты зерттеп жүрген 50-ден астам ғалым Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Ғылыми-сараптамалық топта зерттеу жүргізіп жатыр. Тілеген Садықов Elordainfo.kz тілшісіне кеңестің жұмысы жайлы айтып берді.
Кеңестің құрамына этносаралық қатынастарды жан-жақты зерттеп жүрген 50-ден астам ғалым кіреді. Олар – әр сала мамандары. Қазіргі таңда Астана қаласы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының құрамында 9 сарапшы бар. Топ мүшелері конференциялар мен семинарларға, дәрістерге белсенді түрде қатысады. Одан бөлек, оқыту тренингтері мен сабақтар өткізіп, этномедиация бағытында қызмет көрсетеді.
«Олар кітаптар, монографиялар, энциклопедиялар, ғылыми жарияланымдар мен мақалаларды жарыққа шығарып, зерттеу жұмысын жүргізеді. Өңірлерде Ассамблеяның Ғылыми-сараптамалық кеңесі жанында 280 сарапшыны біріктіретін 18 ғылыми-сарапшылық топ жұмыс істейді. Кеңестің негізгі міндеті – өңірлік деңгейде ҚХА қызметін ғылыми-талдамалық қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік саласында зерттеулер жүргізу, қоғамның тұтастығын нығайтуда институт ретінде ҚХА-ның рөлін күшейтуге жәрдемдесу», - деді кеңес төрағасы Тілеген Садықов.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы осы Ғылыми-сараптамалық кеңес 15 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Ол 2009 жылы құрылған.
«Бұл кеңес ел ішіндегі татулықты, бірлікті сақтау бағытында көп іс атқарып келеді. Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Ғылыми-сараптамалық топтың отырыстарында зерттеулер, ғылыми жобалар, ғылыми еңбектер талқыланып отырады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы және өңірлердегі ЖОО, ғылыми институттар мен колледждер базасында ҚХА-ның 30-дан астам кафедрасы жұмыс істейді», - дейді ол.
Тілеген Садықов былтыр кеңес жанынан «Жас ғалымдар» клубы құрылғанын айтты.
«Былтыр ғылыми-сараптамалық топ жанынан «Жас ғалымдар» клубы құрылды. Клубтың міндеті – ғылыми кадр резервін және жас зерттеушілер мен аға ұрпақ арасындағы сабақтастықты қалыптастыру. Бөлімше жұмысының негізгі бағыттары – этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени процестерді зерделеу, ғылыми пікірталастарға қатысу және зерттеулерді үйлестіру, түрлі ғылыми және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту, қоғамдастықпен, оның ішінде шетелдік қоғамдастықпен байланысты нығайту», - деді ол.



