Елордаға Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарынан 735 тоннаның өнімдері жеткізілді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордаға Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарынан 735 тоннаның өнімдері жеткізілді
ашық дереккөз

«Хан Шатыр» СОСО жанындағы алаңда дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бас қалаға бұл жолы Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының тауарлары жеткізілді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Биыл карантинге байланысты Нұр-Сұлтан қаласына алғаш рет келіп отырмыз. Жалпы құны 225 млн теңгеге 300 тонна болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелдік. Оның ішінде 150 тонна картоп, 45 тонна жылқының еті, Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын елдерге танымал балымыздың 45 тоннасы, сол сияқты шемішкенің майы да бар. Ал тауық етін құс тұмауына байланысты биыл әкеле алмадық. Облысымыз сулы-нулы болғандықтан балықтың да түр-түрін де ұмыт қалдырмадық. Елордалықтар жәрмеңкені асыға күткен секілді, санаулы сағаттың ішінде жиналған жұрттың санында есеп жоқ. Өзіміздің облыстың өнімдері үлкен сұранысқа ие екенін байқап, қуанып отырмын», — дейді ШҚО әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев. Әкім орынбасары сөз арасында өткен демалыста сауда жасаған екі өңірдің тауарлары толығымен өткенін айта отырып, ШҚО-ның өнімдері де елордалықтардың көңілінен шығатынына сенім білдірді. Өңір басшылығы облыс тауарларын елордаға алып келерден бір ай бұрын компанияларға хат жолдайтыны, өз кезегінде олар қай тауары қандай бағада сатылатыны жайлы мәлімет беретіні, ары қарай арнайы сертификаттары, ветеринарлық анықтамалары секілді құжаттары дұрыс болғаннан кейін елордадағы жәрмеңкеге жеткізілетінін айтты. «Етімді ШҚО облысы Аягөз ауданы Шұбартау ауылындағы Көксала жерінен әкеп отырмын. Бұл жолы жылқы етіне рұқсат берді. Өзіміз бағып, асырап отырмыз. Малды өзіміз сойып, өзіміз мүшелеп бөлеміз. Экологиялық таза, далада жайылған мал екеніне кепілдік беремін. Астаналықтардың етке деген сұранысы қуантады. Бір жарым сағаттың ішінде біраз етім өтіп кетті. Етіміз делдалдарға өтіп кетпей, өзіміз сатуға мүмкіндік беріп отырған облыс басшылығына алғысым шексіз», — деп сатушы Әдемі Әділжанова ағынан жарылды. Нұр-Сұлтан қаласына өз өнімдерін алып келген Ақмола облысы да тауарларының сапалығына айрықша мән беріп отыр. «Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары, сіздерді арнайы ұйымдастырылып отырған жәрмеңкемізге шақырамыз. Бүгін елордаға шамамен 435 тонна болатын ауыл шаруашылығы тауарларын әкелдік. Оның ішінде 150 тонна көкөніс, 75 тонна ет және ет өнімдері, 35 тонна сүт өнімдері, 3,5 тонна балық, 40 тоннадан астам ұн алып келдік. Мұнда біз облысымыздың брендіне айналған, елімізде ғана емес шетелде де танымал тауарларымызды жеткіздік. Нақтырақ айтсам, «Гормолзавод», «Нәтиже», «Астана өнім», «Айбат» секілді компаниялар бар. Ең бастысы бәрі экологиялық таза әрі нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан», — дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов. Жәрмеңкедегі өнімдердің бағасы айтарлықтай арзан. Мәселен, елорда дүкендерінде 1 литр сүттің бағасы 240-260 теңге болса, жәрмеңкеден 200 теңгеге алуға болады. Ал жылқының еті мұнда 1800 теңгеден басталады. Сол сияқты картоптың 1 килосы небәрі 80 теңге болса, қала дүкендерінде 120-130 теңгеге саудаланады.