Биыл 10 мыңға жуық этникалық қазақ оралман мәртебесін алды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Биыл 10 мыңға жуық этникалық қазақ оралман мәртебесін алды
ашық дереккөз

Осы жылы Қазақстанға келген оралмандардың жартысынан көбі  (59,1%) Қытайдан, 25,6% Өзбекстаннан, 8,8% Түрікменстаннан, 3,5% Моңғолиядан және 3% басқа елдерден. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (54,6%) және Маңғыстау (12,7%) облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Шымкент қалаларына (3,1%) қоныстанды. «Келушілердің ішінде 60%-дан астамы еңбекке жарамды жаста, ал шамамен 5%-ы ғана зейнеткерлер. Оралман мәртебесін алғандар, Қазақстан азаматтарымен қатар, Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар аясында, Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс таба алады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің көші-қон мониторингі басқармасының басшысы Дастан Айтқұлов. Айта кету керек, 2019 жылдың осы кезеңінде 9,6 мыңға жуық этникалық қазақ оралман мәртебесін алды, оның ішінде 53% Өзбекстаннан, 26% Қытайдан, 21% Моңғолиядан, Түркменстаннан және басқа елдерден келді.